Израиль қайта вакциналау науқанын белсенді атқарып жатыр

Бұған дейінгі зерттеу нәтижесі екпеден кейін жарты жыл өткен соң коронавирусқа қарсы иммунитет әлсірейтінін көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бұл ел қайта вакциналауды жылдамдата түскен.

Жансақтау бөлімдерінен түсіп жатқан статистикалық мәлімет қайта вакциналаудың қажеттілігін көрсетті. Ауыр хәлдегі науқастардың басым көпшілігі екпе салдырмаған немесе тек бір дозасын қабылдаған. Сондықтан барлық телеарналар, сайттар мен радиостанциялардан күні бойы қайта вакциналауды үгіттеп жатыр.

Бәрі ыңғайлы, үшінші екпеге кезек жоқ. Машина талон бергеннен кейін бірнеше секундтан кейін вакцина салдырады.

Мирьям Алин, медбике:

- Әдетте мұнда көп сұрақ қоймайды. Өйткені вакцина жөнінде жұрт толыққанды ақпаратпен танысқан. Қандай препарат салынатынын, қандай жанама әсері болуы мүмкін және не үшін мұнда келгенін жақсы біледі. Өзім емханада медбике болып жұмыс істеймін. Адамдар вакциналау қажет пе, қауіпті емес пе, үшінші екпе салдыру керек пе деген сұрақтарды жиі қояды.

Бұл орталық арқылы күніне шамамен бір мың адам өтеді. Осылай үздіксіз жарты жыл бойы жұмыс істеп келеді. Жүздеген мың адамға екпе жасалып, тек біреуінде ғана аллергиялық әсері тіркелді. Онда да ауыр салдары болған жоқ.

Ноа Леви, Тель-Авив қаласының тұрғыны:

- Достарымның көбі ковидпен ауырды. Сондықтан осы дерт пен екпе арасында айырмашылықты көріп тұрмын. Көбі сырқаттан кейін әлі қалпына келе алмай жүр. Ал вакцинадан кейін мен жарты күндей сәл ауырдым, бірақ бәрі өтті. Енді қорғаудамын деп ойлаймын.

Израильдің үш миллионнан астам тұрғыны үшінші екпе салдырған. 60 жастан асқандардың түгелі толығымен вакциналанды. Науқан жалғасып жатыр, препарат жеткілікті. Израиль коронавируспен күресіп келеді, бірақ жақын арада жеңетін түрі жоқ.

Авторы: Сергей Ауслендер