Трюдоның партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жетті

Канадада кезекті парламенттік сайлау өтті. Оны қайтадан ел премьер-министрі Джастин Трюдо бастаған либералдық партия жеңді. Бірақ елдің заңнамалық органының төменгі палатасында яғни қауымдастықтар палатасында көп дауыс иеленген жоқ.  Рейтер агенттігінің мәліметіне сәйкес, либералдар 338 сайлау округінің 156-сында басымдыққа ие болса, Консервативті партия 122 округте қолдау тапқан.

Джастин Трюдо, Канада премьер-министрі:

- Пандемия немесе сайлауға қатысты уайымның орнына бұрынғы өмірге оралуды қалайтындарыңызды жақсы білемін. Соның арқасында сіздер үкімет пен парламентке нақты қай бағытта жұмыс істеу керек екенін көрсеттіңіздер.

АҚШ Шетелдік туристерге шекарасын ашады

Қарашадан бастап Америка вакцина алған шетелдік туристерді елге кіргізе бастайды. Бірақ аталған жеңілдік әзірге тек 33 мемлекеттің азаматтарына ғана беріліп отыр. Рұқсат етілген елдер тізіміне Қытай, Үндістан, Бразилия Иран мен Еуроодақ елдері кірген. Құрама штаттар шетелдік меймандар үшін шекарасын өткен жылдың наурызында жапқан еді. 

«Талибан» тобы «ТГИЛ» лаңкестеріне тойтарыс беруді уәде етті

Талибан «Ирак және Левант лаңкестік тобының» Ауғанстанға жасайтын шабуылдарын тоқтатуға уәде берді. Бұл туралы тәліптердің ресми өкілі мәлімдеді. Өткен демалыс күндері Джелалабад қаласында болған жарылыстарға жауапкершілікті дәл осы лаңкестік ұйым өз мойнына алған болатын. Сол кездегі шабуылдан 3 адам көз жұмып, 20 шақты азамат түрлі жарақат алған еді. Талибан өкілі ауған әйелдері мен оқушы қыздардың тағдырына да тоқталып, олардың құқығы тапталмас үшін барлық шара жасалып жатқанын жеткізді.

Забихулла Муджахид, Ауғанстан ислам әмірлігінің ресми өкілі:

- Қазір біз министрлер кабинетін жаңадан жасақтауға тырысып жатырмыз. Бұйырса, белгілі бір лауазымдарға әйелдер де тағайындалады. Оны алдағы уақытта хабарлаймыз. Ал оқушы қыздардың мәселесіне тоқталар болсақ, қазір Білім министрлігі қыз балалардың орта мектепте білім алуына қатысты жағдай жасауға күш салып жатыр.

Жанартау кесірінен жүзге жуық үй жанып кетті 

Испанияның Канар аралдары архипелагына кіретін Пальма аралында жанартаудың атқылауы әлі де жалғасып жатыр. Одан шыққан күл жаппай үйлерді басып жатыр. Осы уақытқа дейін аймақтағы 100-ге жуық үй бүлінген. Таудан құлаған ыстық шоқтан зардап шеккен азаматтар жоқ. Себебі жергілікті билік шұғыл түрде 5 жарым мыңнан астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерген. Кумбра-Вьеха деп аталатын жанартау соңғы рет 1949 жылы атқылаған.