Қырғызстанда жыл басынан бері жанармай бағасы 50%-ке өсті

Ең көп сұраныстағы АИ-92 бензинінің литрі 285 теңге тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнай трейдерлері қауымдастығының болжамынша, алдағы уақытты сұйық отын тағы қымбаттайды.

Өндіруші зауыттардың өткізу құнын көтеруі жанармайдың қымбаттауына әсер етті. Қырғызстан жылына 1 миллион 100 мың тонна сұйық отын тұтынады. Оның бір миллионы Ресейден импортталады. Сондықтан қырғыздар сол елдің тарифтік саясатына тәуелді. Биыл жазда Ресей бензині 70 долларға, ал дизель отыны 60 долларға қымбаттаған. Қырғызстан жанармайдың бір бөлігін баж салығын төлемей алады. Бірақ тамыз айында ол да бітіп қалды. Әлемдік нарықтың құбылуы да бағаға әсер еткен.

Қанат Эшатов, Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының президенті:

- Әлем экономикасы тұрақталып, жаһандық нарықтағы барлық ойыншылар анықталғаннан кейін өндіріс қайта орнығып, бұл мәселелер шешіледі деп ойлаймын. Алайда баға төмен түседі деп айтуға әлі ерте.

Жанармайдың қымбаттауына байланысты көліктерін газға ауыстырғысы келген адамдар саны күрт өсті. Сұйытылған газдың литрі 160 теңге тұрады. Бұл АИ-95 үлгісіндегі бензиннен екі есе арзан. Газ жабдығы мен оны орнату құны 600 доллар. Бұл Қырғыз жұрты үшін қомақты қаражат, бірақ соған қарамастан күн сайын көгілдір отынға көшкен көлік саны артып келеді.

Таалайбек Бекбатыров, автокөлік иесі:

- Бұрын бензин осыншама қымбат емес еді. Ал қазір қалтаны қағып жатыр. Сондықтан газға ауыстым. Екі есе үнемдейтін болдым. Ақшаға санасақ, бұрын 8 литр жанармай кетсе, қазір төрт литр.

Қырғызстанда 5 мұнай өңдеу зауыты бар. Ең ірісі – Қытаймен бірлескен «Джунда» кәсіпорны Бішкек маңында орналасқан. Ол толығымен шетелдік шикізатқа тәуелді. Оған қоса, оның үлесі елде тұтынылатын жанармайдың 10%-іне де жетпейді.

Авторы: Бақыт Чермашев