Ердоған: Түркия енді босқындарды қабылдай алмайды

Ауған босқындарына қай мемлекет баспана беруге дайын?

Вакцинаны әлем елдеріне әділ үлестіру мәселесі қашан шешіледі? Аргентинада жүздеген адам билікке шағымданып, шеруге шықты. Олар қандай талап қойды?

Түркия бұдан былай босқындарды қабылдай алмайды. Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен сөйлеген Режеп Тайып Ердоған осылай деді. Түркия президенті Ауғанстан тағдырына бей-жай қарап отырмайтынын айтып, осы елдің халқына өз қолдауын білдірді. Түрік басшысының айтуынша, әлемдік қауымдастық 1951 жылғы Женева конвенциясы мен халықаралық гуманитарлық құқықты бұзып, көмекке мұқтаж азаматтарды қабылдаудан бас тартатындарды қатаң айыптауы керек.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Ауғанстандағы ахуалға байланысты бізде осы елден ағылған босқындар легіне қатысты мәселелер бар. Сирия дағдарысы кезінде мыңдаған адамның өмірін құтқарған ел ретінде біз енді миграцияның тағы бір толқынына төтеп бере алмаймыз. Сондықтан мүдделі тараптар үшін осы істе жауапкершілік танытатын кез келді.

***

БҰҰ: Вакциналау ісінің жаһандық жоспарын әзірлеу қажет

Әлемде вакцинаның таратылуы төңірегіндегі әділетсіздік жойылуы тиіс. Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы әлем елдеріне осындай үндеу тастады. Ол үшін Антониу Гутерриш вакциналау ісінің жаһандық жоспарын әзірлеуді ұсынды. Ал оның іске асырылуын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, вакцина өндірушілер, халықаралық қаржы институттары мен фармацевтикалық компаниялардан құралған топ қадағалауы керек.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Дәулетті мемлекеттердің басым бөлігінде тұрғындар вакцина салдырған. Ал Африка халқының 90%-і әлі күнге дейін ковидке қарсы препараттың бірінші дозасын да алмаған. Бұл ақылға қонымсыз.

***

Австралияда қуаты 6 баллдық жер сілкінісі болды

Австралияның Мельбурн қаласы маңында қуаты 6 баллдық жер сілкінісі болды. Салдарынан бірнеше ғимарат бүлініп, электр желілері үзілген. Зардап шеккен адамдар жоқ. Тербеліс ошағы 10 шақырым тереңдікте болған. Сейсмологтардың айтуынша, бұл Виктория штаты аумағында тіркелген ең қуатты зілзала.

Тим Вибуш, Виктория штаты төтенше жағдайлар қызметінің басшысы:

- Бүгін таңғы сағат 9:15-те Виктория штатында қуаты 5,9 балл жер сілкінісі болды. Салдарынан бірнеше нысанға зақым келді. Бірақ жарақат алған азаматтар жоқ. Біздің болжамымыз бойынша алдағы күндері де аймақта зілзала тіркелуі мүмкін.

***

Буэнос-Айресте жүздеген адам кедейшілікке қарсы шеруге шықты

Буэнос-Айресте жүздеген адам шеруге шықты. Президент сарайы алдына жиналған халық жұмыстың жоқтығына наразы. Осыған байланысты тұрғындар жергілікті биліктен жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік көмек көрсетуді талап етті. Өйткені ел тұрғындарының 42%-і кедей. Ал екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қатары күннен күнге артып барады. Бұл мемлекетте экономикалық дағдарыс пандемиядан да күшейді. Жылдық инфляция 50%-ке жетеді. Ал елдің Халықаралық валюта қоры алдындағы берешегі 45 млрд долларды құрайды.

Сондай-ақ...