Тәліптер радиожүргізушілерге әйелдермен сөйлесуге тыйым салды

Ауғанстанда радиожүргізушілерге қыз-келіншектермен сөйлесуге тыйым салынды. Тікелей эфирде жұмыс істейтін тілшілерге тәліптер осындай талап қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эфир барысында радиожүргізушілерге әйелдермен сөйлесуге рұқсат жоқ. Ауғанстанның Хост провинциясындағы радиостанциясында осындай ереже қабылданды.

Айта кетейік, бұған дейін тәліптер дәл осы бұқаралық ақпарат құралының басшылығына ән қоюға тыйым салған еді. Өз кезегінде радио қызметкерлері мұндай тәртіп түбі бізді құрдымға әкеледі деп шағымдануда.

Айоб Яад, Hawa Radio өкілі:

– Соңғы 20 жылда бұқаралық ақпарат құралдары үлкен жетістікке жеткен еді. Алайда билікке тәліптер келгелі түрлі шектеулер енгізіліп, қиындықтар туып жатыр. Меніңше, шектеудің орнына, Талибан ақпарат құралдарын көптеп ашулары керек.

ЕЛДЕГІ ЕҢ ІРІ УНИВЕРСИТЕТТІҢ РЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Елдегі ең ірі университетке жаңа ректор тағайындалды. Оқу орнын енді журналистика бакалавры дәрежесінің иегері Мұхаммад Ашраф Гейрат басқарады. Ол профессор Мұхаммад Осман Бабуридің орнына келді. Жаңа ректордың жасы қаншада екені белгісіз. Бірақ оқытушылар мен студенттер Гейраттың әлі жас екенін және елдің басты жоғары оқу орнын басқару үшін тиісті тәжірибесі жоғын айтады.

ЖАНАРТАУДЫҢ АТҚЫЛАУЫ БАСЫЛАР ЕМЕС

Испанияның Ла-Пальма аралында жанартаудың атқылауы әлі басылмай тұр. Соған қарамастан, жергілікті коммуналдық қызмет өкілдері көшедегі күлді жинауға кірісіп кеткен. Бұл іске тұрғындар да тартылған. Айта кетейін, осыдан бірнеше күн бұрын Канар архипелагындағы Ла-Пальма аралында Кумбра-Вьеха жанартауы атқылаған еді. Салдарынан 6 мың тұрғын шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді. Соның арқасында ешкім зардап шекпеді. Десе де, таудан аққан шоқ пен аспанға көтерілген күл 200-ге тарта үйді, жолдар мен фермаларды қиратты.

Тұрғын:

– Мына сұмдықтың бәрін көріп, көзіме еріксіз жас келеді. Өткен аптада ғана бәрі тамаша еді. Аралдағы ахуал мүлде басқаша болатын. Алайда бүгінгі жағдай, көріп тұрғандарыңыздай, мынадай. Біздің өңір туристік аймақ саналмайды. Яғни жергілікті халықтың жағдайы мынадай қиын болып жатқанда, бізге де оңай соқпайтыны анық.

МИГРАНТТАР МЕКСИКАҒА ҚАЙТЫП ЖАТЫР

АҚШ-та қалуды көздеген мигранттардың көбі Мексикаға қайта бастады. Олар америкаға азық-түлік пен медициналық көмек іздеп келген. Енді олар бұл көмекті Сьюдад Акунья қаласынан алып жатыр. Жергілікті халық босқындарды тамақ және киіммен қамтамасыз етуде.

Айта кетейік, Техастағы Дель-Рио көпірі астындағы мигранттар қаласында тұратын 14 мың адамды АҚШ билігі біртіндеп елдеріне қайтарып жатыр.