Түркияда Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақ ашылды

Қазақ үшін Мұстафа ағамыздың орны мен қадір-қасиеті ерекше. Өзге елде дүниеге келсе де, отанына деген махаббатын өз жеңісімен дәлелдей білген асыл азамат. Бүгін міне, қазақ жігітінің есімі Ыстамбұлдағы саябаққа берілді. Өйткені Мұстафа Өзтүрік осы елде дүниеге келген. Саябақ ірі шаһардың 800 мың тұрғыны өмір сүретін Бағжылар ауданындағы қандастарымыздың ең көп шоғырланған Гүнешли мекенінде орналасқан.

Бағжылар ауданындағы саябақтың ашылуы салтанатты рәсіммен жүзеге асты. Оған түріктің саясаткерлері, қоғам қайраткерлері, құрылтай қатысушылары мен қала тұрғындары қатысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған шара Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы, Бағжылар Муниципалитеті мен Қазақкент Алтай қоғамдастығы ұйытқысымен жүзеге асты.

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас Консулы:

– Ол кісі Қазақстан азаттық алғанда еліне оралған еді. Елге жұртқа қызмет ету үшін. Оны мына сөзінен-ақ байқауға болады. «Мен әлемді көрдім. Сосын елімді көрдім. Несін айтайын. Айырмашылық үлкен. Сондықтан еліме, жұртыма қызмет ету үшін Қазақстанда қалдым» деген сөзінен-ақ оның ұлтқа деген үлкен махаббатын байқауға болады.

Локман Чағрыжы, Бағжылар Муниципалитетінің Мэрі:

 – Ауданымызда Мұстафа Өзтүрік саябағының ашылуы кездейсоқ емес. Өйткені Түркияға көшкен қазақ диаспорасы алғаш болып Бағжылар ауданының Гүнешли мекеніне орналасты. Бұған дейін де Анадолыға қазақ көшінің 50 жылдығын атап өткен болатынбыз. Бұл текті шаралар бауырластық пен достықтың нышаны. Қазақ-түрік халқы – бір ұл, екі мемлекет іспеттес. Себебі, түбіміз бір түркі жұртымыз.

Шара барысында Мұстафа Өзтүріктің өмірі жайлы баяндалып, спортшының сүйетін әндерінен құралған сахналық қойылым болды. Сондай-ақ, жас таевкандошылардың спорттық шеберлігі көрсетілді.

Мұстафа Өзтүрік саябағының ашылуына спортшының қызы Неслихан Өзтүрік те қатысты. Неслихан әкесімен бірге Қазақстанда өткен жылдарын еске алды.

Неслихан Өзтүрік, Мұстафа Өзтүріктің қызы

 – Саябақтың кіре берісіндегі әкемнің есімін оқығанда көңілім босап кетті. Әкем де, мен де осында туып-өстік. Ыстамбұлдағы қазақтардың басым бөлігі де осы жолдан өтеді. Әкемнің есімі Гүнешлиде мәңгілік сақталатынына қатты қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын.

 Ерхан Йылдыз, Гүнешли тұрғыны:

 – Мұстафа Өзтүрік – Гүнешли ауданында өсіп-өнген ағамыз. Біздің мақтанышымыз. Қазақстан мен Түркияны таныстырған кісі деп ойлаймын. Егемендік алған кезде Мұстафа ағамыздың рөлі зор болды. Түркия мен Қазақстан арасында елші болды.

Айта кеткен жөн, Ыстамбұлда дүниежүзілік қазақтардың кіші құрылтайы өз жұмысын бастады. Оған Түркиядағы және Еуропа елдерінен арнайы шақырылған қазақ диаспорасының өкілдері қатысып отыр. Биылғы құрылтай «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» тақырыбымен өтіп жатыр.

Авторы: Меруерт Қанағат