Ресейде қарақұмық бағасы соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті

Ресейде қарақұмық жармасы тағы да қымбаттап, соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар басты себеп экспорт көлемінің ұлғаюы мен арадағы алып-сатарлардың құйтырқы әрекеті дейді. Жалпы көрші елде әлеуметтік маңызды өнімдер рекордты деңгейде қымбаттап жатыр. Биыл макарон өндірушілер де дабыл қағуда. Өйткені бидайдың қатты сорты жетіспей, астық бағасы өскен. Демек, макарон өнімдері де қалтаны қағады деген сөз.

Ресейде әлеуметтік маңызды өнімдер рекордты деңгейде қымбаттап жатыр. Былтыр ғана коронавирус карантині жарияланған бетте 2 есе көтерілген қарақұмықтың бағасы тағы да шарықтап барады. Сарапшылар: «егін әлі піскен жоқ, экспорт ұлғайды, алып-сатарлардың кесірі», деп әртүрлі себеп айтады. Пияз, картоп, сәбіз бен қырыққабаттың құны да бірнеше есе өсті. Ресейліктер жергілікті сәбіз Эквадордан әкелінген бананнан неге қымбат екенін түсінбей әлек.

Блиц 1:

- Жұрт зейнетақы өскен соң, бәрі қымбаттап жатыр дейді.

Блиц 2:

- Қымбатшылық биыл өте қатты сезіліп жатыр.

Блиц 3:

- Жалақы мен зейнетақы өскенімен, бәрібір бәрі қымбаттап жатыр. Сондықтан қиналып қаламыз.

Мамандар азық-түлік өнімдерінің қымбаттауын ауылшаруашылық тауарларының аз өндірілуі, кәсіпорындардың тұралауы, бағаның әлем бойынша көтерілуінен және ең басты себеп – рубльдің құнсыздануынан көреді. Былтыр Ресейде 2 рет девальвация болды.

Василий Колташов, экономист:

- Рубльдің бірнеше рет құнсыздануы отандық кәсіпорындардың сатып алу қабілетін күрт төмендетті және қымбатшылыққа әкелді. Тұтынушылардың қарақұмық, жұмыртқа мен құс еті сияқты арзандау өнімдерді жаппай сатып алуға кірісуі және бұрыннан алып келген балық, сиыр және қой етін алуды доғару сұранысқа кері әсер етеді. Бұл қымбатшылыққа әкеледі. Екі ортада бағаны қолдан өсірушілер де пайда бола кетеді.

Сарапшылар бағаның өсуіне әлемдік инфляцияның да әсері бар дейді.

Алексей Ежов, экономист:

- Қарақұмық, сәбіз, картоп сияқты отандық тауарларды өндірсек те, біз алдағы бірнеше ай бойы инфляция мен қымбатшылықтың зардабын тартпақпыз. Келесі жылы инфляцияны тізгіндеу үшін Үкімет шаралар қолдана бастайды.

Елдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі мұқтаж ресейліктерге отандық өнімдерді сатып алу үшін ақша бөлуді ұсынды. Қзаір Ресей үкіметі әлеуметтік маңызы ерекше азық-түлік тауарларының бағасын төмендету бойынша саудагерлермен келіссөз жүргізіп жатыр. Ал Федералдық монополияға қарсы қызмет ірі ритейлерлерді тексеруге кірісіп, бірнеше сауда желісін өнімдерді арзандатуға міндеттеді. Ресми Кремль Батыста жасалған тауарларды елге әкелуге тыйым салған. Бұған дейін санкцияға іліккен 40 мыңға жуық тонна азық-түлік өнімі жойылыпты. Оның үстіне аталған тыйым 2022 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дана Нұржан