Еуроодақ елдерінде Apple де, Samsung та, өзге гаджет те бір «сым» арқылы қуатталатын болады

Екі жылдан кейін Еуроодақ аумағында бүкіл тасымалы электроника құрылғыларын қуаттайтын саймандардың жалғағыштары үшін бірыңғай стандарт енгізіледі.

Смартфон, планшет, құлаққап,  фото- мен бейнекамералар және ойын қондырғылары - мұның бәрін бір құралмен қуаттауға болады. Қазір қолданылып жүрген 30 жалғаманың арасынан USB-C таңдалды. Сондай-ақ Еурокомиссия электронды құрылғылар және қуаттағыштың бөлек сатылуын заңдастыруды ұсынып отыр. Өндіруші компаниялар жаңа ережеге дайындалуға үлгіру үшін бірыңғай стандарт 2024 жылы енгізілетін болды.

Тьерри Бретон, Ішкі нарық сауалдары бойынша ЕО комиссары:

- Бұл инновацияларға қарсы шара емес. Және ешкімге қарсы бағытталмаған. Бұл қалдықтар мәселесі жағынан да маңызды. Өйткені бұл жылына бір мың тонна электронды қалдық мен 2600 тонна шикізат үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ көмірқышқыл газын 180 мың тоннаға азайтады.

Арманд Нгома, Брюссель тұрғыны:

- Кейде достарымызбен бірге жұмыс істейміз. Мәселен, біреуінде Samsung жалғағышы, ал екіншісінде Apple-дікі болады. Олардың қуаттағышы бір-біріне келмейді. Ал бәріне ортақ сым жасалса, бұл өте ыңғайлы болар еді. Сондықтан орынды бастама деп санаймын.