Эльбрустегі қайғылы оқиғаның жәй-жапсары белгілі болды

Құзға өрмелеп, шың басына шығудың қызығы да, қиындығы да көп. Қауіпті сапарға шыққандардың барлығы бірдей кері оралмай жатады. Эльбрустегі қайғылы оқиға соның дәлелі. Тауға шыққан туристердің бесеуі бақилық болды. 11-і әрең аман қалды.

Түн. Қақаған аяз. Желдің жылдамдығы секундына 60 метрге жетеді. Ұйытқыған бораннан ат құлағы көрінбейді. Құтқарушылар біреуді иықтан ұстап, енді бірін шанамен төмен түсіріп жатыр. Адасып кеткен альпинистерді іздестіру жұмыстары өте қиын жағдайда өтті. Құтқару операциясына шамамен 20 маман мен 7 техника тартылған. Бірақ бірнеше сағаттан соң жедел штаб шұғыл шешім қабылдап, құтқарушылар санын 70-ке жеткізді. Алайда тауға кеткен 19 адамның тек 14-і ғана тірі табылды.

Михаил Надежин, төтенше жағдайлар министрлігі аймақтық департаментінің басшысы:

- Ауа температурасы -20 градусқа түсіп, жел жылдамдығы секундына 60 метрге жетуіне қарамастан, қарлы боран мен түнгі уақытқа қарамастан біздің құтқарушылар 14 адамды іздеп тауып, оларды дәрігерлерге тапсыра алды. Өкінішке орай, 5 азамат опат болды.

Қайғылы оқиға Эльбрус шыңын бағындырмай тұрып, таңғы сағат 10-дарда басталды. Тауға өрмелеу кезінде бір альпинист қыздың денсаулығы сыр беріп, жағдайы күрт нашарлап кеткен. Осыған байланысты жолсеріктердің бірі оны төмен түсіріп, көмек шақыруды шешеді. Алайда таудан түсу кезінде күтпеген жерден боран басталып кеткен. Сөйтіп, бір сағатта альпинист қыз гидтің қолында қайтыс болады.

Жалғыз қалған жаттықтырушы бастапқыда жоғары кеткен топтың оралуын күтеді. Бірақ 3 сағат бойы ешкім келмеген соң төменге жалғыз түсуге бел буады. Лагерьге жеткен бетте бірден өз басшылығы мен төтенше жағдайлар министрлігіне болған жайт жайлы хабар береді.

- Группа, на поиски нас на этом на траке мы  поедем. Нас трое. В новостях писали, что вернулись трое. Вот мой гид Антон и жена гида вот втроем спустились.

Қалған 3 жолсерік альпинистерді екі топқа бөліп, төмен түсе бастайды. Алайда бірі аяғын сындырып, таудан түсуі қиындаған. 2 адам аязға шыдамай, көз жұмған. Бұдан бөлек тағы екі азамат есінен танып, Гарабаши станциясы маңында қайтыс болған. Ал 11 адам түрлі жарақатпен ауруханада жатыр.

Тәжірибелі мамандардың айтуынша, апатқа соқыр сенім себеп болған. Өйткені ауа райы бұзылған бетте альпинистер бірден кері қайтуы керек еді. Ал олар тауға шығып алды да боран басталған кезде төмен түсе алмайды қалды, дейді Эльбрусты бағындырған Анвар Ханбабаев. 

Анвар Ханбабаев, альпинист:

- Тауға шығу уақыты жақсы таңдалған. Десе де, Эльбрустегі ауа райы өте құбылмалы. Үнемі өзгеріп тұрады. Өрмелеп бара жатқанда күн райы жақсы болғанымен әп-сәтте бәрі өзгеріп кетуі мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 50-60 метрге дейін жетуі мүмкін. Жалпы болған оқиғаға ешкім кінәлі емес. Бәрі дайындықтан өткен.

Бұл кадрлар апатқа дейін түсірілген. Альпинистердің тау шыңын бағындыруына аз-ақ қалған еді. Бейнежазбадан ауа райының қолайлы екенін де байқауға болады. Бірақ айналдырған бірнеше сағатта табиғат тосын мінез танытып, жағдай мүлдем басқаша өрбитінін кім білген.