Ыстамбұлда Түркия мен Еуропадағы қандастарымыз бас қосты

Ыстамбұлда қазақтардың кіші құрылтайы өтті. Онда Түркия мен Еуропадағы қандастарымыз бас қосты. Үш күнге жалғасқан алқалы жиында қазақтың бір туар тұлғасы Мұстафа Өзтүрік саябағы ашылып, жас қандастарға арналған «Білім көрмесі» ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған шара Тәттімбет атындағы оркестрдің гала-концертімен аяқталды. 

Талай жылдан бергі дәстүр бұл. Шет елде тарыдай шашылған қандастарымыз жылда кіші құрылтай өткізіп, той жасайды. 300-ден астам алыстағы бауырымыз биыл Ыстамбұлда бас қосты. Құрылтай мәжілісінің күн тәртібі өзекті. Елімізде қандастарымызға жасалған мүмкіндіктер мен Шетелдегі, оның ішіндегі Түркиядағы қазақ диаспорасының ахуалы, бүгіні мен ертеңі кеңінен талқыланды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының дәстүрлі шарасы қазақ пен түрікке ортақ тұлға Мұстафа Өзтүрік саябағының ашылуымен басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған шара Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдықтың ұйытқысымен жүзеге асты. Ыстамбұлдағы құрылтайға Түркия мен Еуропаның бірқатар елдеріндегі қаракөздеріміз төбе көрсетіп, шараның ауқымын барынша кеңейтті. Биылғы жиын «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» тақырыбымен өтті. Онда дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы мен отандастар қоры қандастарға арналған еліміздегі мүмкіндіктер мен жаңа жобаларды таныстырды.

 

Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасы, Тұңғыш Президентіміз, дүниежүзілік қазақтардың төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы кіші құрылтайды киелі Ыстамбұлда қаласында өткізуге тапсырма берді. Себебі биыл ұлы той. Қазақстан Егемендігінің 30 жылдығы. Өздеріңізге мәлім, ең бірінші бізді қолдаған Түркия елі, түрік халқы. Түрік халқы бізге өте бауырлас, жақын халық. Тіліміз де, дініміз де, дәстүріміз де бір халықпыз.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

– Бұл құрылтайлардың ең басты мақсаты – осы елде тұрып жатқан шет елдегі бауырларымыздың басын біріктіру. Олармен сұхбаттасу, көкейлерінде жүрген мәселелерді талқылау, оларға қолдау шараларын ұйымдастыру. Қазақта мақал бар ғой. «Бірлесіп пішкен тон келте болмас».

Мәжіліс отырысында 16 қандасымыз сөз сөйлеп, көптеген мәселелерді көтерді. Бастысы, қазақ қайда жүрсе де тілін, дәстүрі мен әдет- ғұрыппын сақтау үшін жұмыла жұмыс істеуге уағдаласты.

Айта кетерлігі, алыстағы бауырларымыз, құрылтайдың арқасында елге деген сағынышты сәл де болса басып алдық дейді.

Құрылтай аясында диаспораның жастары үшін қазақстандық жоғарғы оқу орындарының «Білім көрмесі» ұйымдастырылды. Құрылтай мәжілісі соңында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қандастардың Үндеуі қабылданды. Сондай-ақ бірқатар қатысушы «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.

Шаралар легі Бағжылар аудандық мәдениет орталығында Ақмола облысының «Алтын тамырлы Атажұрт» көрмесімен жалғасты. Тәттімбет атындағы оркестрді де өнерін ортаға салды.