426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Кореяда тәулігіне 3 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырады

  • 132
  • UPD: 11:16, 27.09.2021

Оңтүстік Кореяда күніне 3 мыңнан астам адам COVID-19 жұқтыруда. Елде халықты вакциналау қарқынды жүргенімен індеттің таралуы басылар емес.

Владислав Цой, тілші:

- Сарапшылар індет жұқтырғандар санының күрт өсуін егін жинау мерекесімен байланыстырады. Өйткені билік азаматтарды мейрам кезінде сапарға шықпай үйде болуға үндегенімен елдің көлік министрлігінің мәліметінше, 17-22 қыркүйек арасында 32 миллионнан астам адам, яғни халықтың жартысынан көбі аймақтарға саяхаттапты.

Елордаға Сеулден 150 шақырым жердегі Седжон қаласынан Қазақстанның екі азаматы келді. Магистратура оқитын қыздар демалысты сәтті өткізді. Өйткені олар бетперде киіп, әлеуметтік арақашықтықты сақтады.

Ардақ Қожатаева, магистрант:

- Седжон қаласынан Сеулге біз автобуспен келдік. Онда өте аз адам болды. Сақтық шаралары сақталды, мысалы, су ішуге болмайды. Барлық жолаушылар міндетті түрде маска киеді. Әлеуметтік арақашықтық сақтайды.    

Қазір елде бір тәулікте 200 мың адам ПТР-тест тапсырады. COVID-19-ға  шалдыққандардың 85 проценттен астамы вакцинаны алмағандар екен. Сондай-ақ екпенің екінші дозасын салдырмағандар да жиі ауыратын көрінеді.

Чон Ын Гён, Корея Республикасы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры:

- Расталған жағдайлардың саны өсті, бірақ ауыр науқастардың саны азайып келеді. Мұны 50 жастан асқан адамдарды вакциналаумен байланыстыруға болады. Өйткені бұл топтың ішінде ауыр науқастардың үлесі жоғары.

Егін жинау мерекесі алдында үкімет ковидке қарсы шектеулерді жеңілдету мәселесін талқылады. Бірақ індет жұқтырғандар көбейген соң кейінге қалдырды. Ауруларды бақылау орталығында эпидемиялық жағдай қазан айының соңына қарай жақсарады деген болжам бар. Өйткені осы уақытқа дейін Корея тұрғындарының 70 проценті толық вакциналаудан өтуі тиіс. 

Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы