БҰҰ Бас ассамблеясында Ауғанстандағы жағдай талқыланды

«Талибан» үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысына ресми хат жолдады. Ол құжатта Ауғанстанның Ұйым жанындағы жаңа елшісі тағайындалғанын жариялап, Бас Ассамблеяның 76-сессиясына қатысуға ниет білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елшілердің лауазымы жөнінде шешімді БҰҰ-ның арнайы комитеті шығарады. Әдетте Комитет мүшелері қараша айында жиналатын. Қазіргі тұста бұл жөнінде мәжіліс өткізу жоспарда жоқ. Бас Ассамблея барысында сөз сөйлейтіндердің тізімінде Ауғанстанның бұрынғы өкілі жазылған. Ол 27-қыркүйекте мәлімдеме жасауы тиіс. Ал осы аптада Бас ассамблея жиынында Катар мен Пәкістан басшылары Тәлібанмен қарым-қатынас орнатуға шақырды.

Имран Хан, Пәкістан Премьер-Министрі:

– Жалғыз жолымыз бар. Ауғанстан халқының мүддесі үшін қазіргі үкіметті күшейтуіміз керек. Тәліптер қандай уәде берді? Адам құқықтарын қадірлеп, қоғамның барлық топтарының өкілдері кіретін үкімметті құру. Лаңкестерге өз жерінен шабуыл ұйымдастыруға жол бермейді. Рақымшылық жариялады. Енді халықаралық қауымдастық осы қадамдарын қолдап,  бұл бағыттағы қимылын ынталандыруы қажет.

ТАЛИБАН ҮКІМЕТІ ТОЛЫҚТЫ

Осы аптада «Талибан» үкіметі жаңа лауазымдармен толықты. Тәліптер министрлердің орынбасарларын таныстырды. Олардың арасында хазарей секілді өзге ұлттардың да өкілдері бар. Осыған дейін барлық лауазымды тек пұштундар иеленген болатын.  Бірақ үкімет құрамында бірде бір әйел жоқ. Қазір Ауғанстан Ислам әмірлігі қыздарға мектепке баруға, ал әйелдерге жұмыс істеуге рұқсат беретін заң жобасын әзірлеп жатыр. Ең бастысы, қыз-келіншектер шариғат ережелерін толық ұстануы тиіс. Алайда батыс елдер тәліптер билігін мойындауға асықпай отыр.

Хайко Маас, Германия Сыртқы істер министрі:

Талибан қозғалысын сөздеріне емес, әрекеттеріне қарап бағалаймыз. Бұрынғыдай Ауғанстан әйелдері мен қыздарына қолдау көрсетуді жалғастырып, мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Сондықтан бұл елге беретін қайырымдылық көмегімізді едәуір арттырып, оны әйелдердің нақты қажеттіліктеріне бағыттаймыз. Қатер төнген ауғандықтардың көбіне Германияға келуіне мүмкіндік беретін платформа құрдық.

ЕЛДЕ ҚАЙТА ҚАТАҢ ЖАЗАЛАР ЕНГІЗІЛДІ

Талибан қозғалысы басшыларының бірі Нуруддин Тураби қатал жазалар қайта енгізілетінін жариялады. Тәліптер елді билеген 1996-2001-жылдары қылмыскерлерді жұрттың көзінше стадиондарда жазалайтын. Ұрылардың қолын шауып, құрбан болған адамның туыстарын  кек алушылар қатарына қосатын. Ал сенбі күні тәліптер Герат қаласында 4 адамды дарға асты. Біреуі қаланың орталық алаңында. Ол кісі ұрлаумен айналысып, тәліптерге қарсы шайқастарға қатысқан. Қалған үш адамның денелерін қаланың өзге аудандарында дарға асты. Бұл оқиғалар әлем жұртшылығының наразылығын тудырды. Бірақ кей жұрт мұндай қаталдықты қолдайтынын білдірді. 

Жергілікті тұрғын:

–Бұрын мұнда қауіпті болып, жиі тонайтыны бәріне белгілі. Кешке үйінен ешкім шықпайтын. Ал енді заң мен тәртіп қалпына келіп, ұрлық пен қарақшылық сиреді.

АУҒАНСТАНДА АШТЫҚ ЖАЙЛАП БАРАДЫ

Тәліптер қатал тәртіп орнатқанмен, елдегі экономикалық жағдай нашарлап барады. Ауғанстанда 14 миллион адам ашқұрсақ жүр. Бұл туралы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілдері хабарлады. Елде қуаңшылықтың беті осымен 3-ші жыл қатарынан қайтпай тұр. Билік басына «Талибан» қозғалысы келгелі, халықтың жағдайы қиындаған. Өйткені жұмыссыз қалғандар көп. Ал азық-түлік бағасы шарықтап барады. Кейбір тауарлардың бағасы 30 процентке қымбаттаған.

Сондай-ақ...