Түркия бұдан былай ауғанстандық босқындарды қабылдамайды

Ауғанстандағы жағдайға байланысты әлемдік саясатта күрделеніп тұрған ең басты мәселенің бірі – босқындар легі. Мыңдаған мигрант бас сауғалап, көбі Иран мен Түркияны, сосын Еуропаны бетке алды. Осыдан кейін көп мемлекет қорғанысты күшейтті. Енді Түркия да бұдан былай босқындарды қабылдай алмайтынын мәлімдеп отыр.

Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясының мінберінен сөйлеген Режеп Тайып Ердоған Ауғанстан тағдырына бей-жай қарап отырмайтынын айтты. Түрік басшысының айтуынша, әлемдік қауымдастық 1951 жылғы Женева конвенциясы мен халықаралық гуманитарлық құқықты бұзып, көмекке мұқтаж азаматтарды қабылдаудан бас тартатындарды қатаң айыптауы керек.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

– Ауғанстандағы ахуалға байланысты бізде осы елден ағылған босқындар легіне қатысты мәселелер бар. Сирия дағдарысы кезінде мыңдаған адамның өмірін құтқарған ел ретінде біз енді миграцияның тағы бір толқынына төтеп бере алмаймыз. Сондықтан мүдделі тараптар үшін осы істе жауапкершілік танытатын кез келді.

Сириялық босқындар легі күшейген кезде Еуропалық одақ елдері мен Түркия бірлескен шаралар қабылдаған еді. Бірақ оның соңы қарама қайшылыққа апарған сыңайлы. 

Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы:

– 2015 жылы Сириядағы дағдарыс кезінде осындай оқиғалар болған, яғни босқындардың Еуропаға ағылуы. Ол кезде әрине Еуропа мемлекеттері ауызбіршілі танытып, босқындарды қабылдаған болатын. және Түркия да қабылдаған болатын. Сол тұста Түркияға 4 миллиондай сириялық, еуропаға 2 миллиондай сириялық өткен болатын. және одан кейін бұл сол мемлекеттердің ішкі тұрақтылығына жағымсыз сценарий болды. Себебі сирия босқындары ішкі тұрақтылық және қауіпсіздік мәселесіне зиянын тигізді. Сол мемлекеттердің саяси тәртібін, ішкі ерекшеліктерін қабылдауға дайын болмады. Сондықтан да Еуропа мен Түркия сол шешімдерінен сабақ алып, бұл жолы босқындарды қабылдамауға шешім қабылдап отыр. Және бұл тек қана Ауғанстан мәселесінде ғана емес, жалпы халықаралық арена, әлемдік саясаттағы мемлекеттердің қарама қайшы көзқарастарының көптігін көрсетеді.

АҚШ ПЕН МЕКСИКА ШЕКАРАСЫНДАҒЫ БОСҚЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

АҚШ та босқындарды құшақ жая қарсы алмайды. Техас штатында көпір астында заңсыз лагерь құрып алған мигранттардың барлығы ол жерден қуылды. Көрші Мексика шекарасы арқылы жеткен мыңдаған босқын халықаралық көпір астында тұрып жатқан. Дені – Гаитиден келген азаматтар. Алайда АҚШ билігі арнайы әуе рейстерін ұйымдастырып, олардың бір бөлігін депортациялады. Тағы 12 мыңы осы АҚШ-та қалып, көші-қон сотының шешімін күтетін болды. Сарапшылардың пайымдауынша, олар да жақын арада отанына кері қайтарылуы мүмкін. Өйткені коронавирусқа байланысты енгізілген ережелерге сәйкес, босқындардың баспана алу мәселесі қиындаған. Көп ұйымдар АҚШ билігінің мигранттарды депортациялау туралы шешімін қатаң сынға алып отыр. Айтуларынша, Гаити азаматтары отанындағы кедейшіліктен қашып кетуге мәжбүр болған. Бірер күн бұрын АҚШ-тың Гаитидегі арнайы өкілі осы мәселеге қатысты өз наразылығы білдіріп, отставкаға кетті.  

Шабиа Манту, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының өкілі:

–АҚШ пен Мексика шекарасындағы мигранттардың депортациялануына қатысты мәлімет жіті назарда. АҚШ билігі «Қоғамдық денсаулық сақтау мәселесіне байланысты баспана беру бойынша шектеу» туралы заңды алға тартады. Алайда Гаитидегі жағдайды бәріміз де білеміз. Мұнда экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық дағдарыс орнады. Сондықтан дәл осы елдің азаматтары халықаралық қорғаныс сұрауға құқылы деп санаймыз.