ДДСҰ: ауаның ластануы салдарынан жылына 7 млн адам көз жұмады

Жыл өткен сайын жер бетінде әбден тозығы жеткен жерлер мен экологиялық апаттар көбейіп барады. Бәрі табиғатқа қажетті деңгейде көңіл бөлмеудің кесірі. Адамзаттың планета тағдырына селқос қарауы түбінде неге әкелуі мүмкін? Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында да қызу талқыға түсті. Бәрінің айтары бір – климаттың өзгеруі мәселесін шешу үшін нақты қадамдар қажет.

Күн сайын күрделеніп бара жатқан мәселенің бірі - климаттық өзгеріс. БҰҰ-ның Бас Хатшысы Антониу Гутерриштің айтуынша, әлем елдері серпіліс жасап, нақты әрекетке көшетін уақыт келді. Өйткені климат өзгерісімен күресу ертеңгі күніміздің кепілі. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

– Климаттың өзгеруінің кері әсерлерін алдын алу үшін тербеліп-теңселіп жүретін уақытымыз жоқ. Ешбір ел табиғат апатынан сақтанбаған. Орман өрті, су тасқыны мен қуаңшылық сынды табиғи жағдайлар барлық жерде тіркеліп жатыр. Осыған байланысты барлық мемлекетті осы істе белсенділік танытуға шақырамын. Біз 2030 жылға қарай ауаға кететін зиянды заттар қалдықтарын 45 процентке қысқартуымыз қажет. 

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметі бойынша, жер бетіндегі ауаның ластануынан жыл сайын 7 млн адам көз жұмады. Атмосфераны бірінші кезекте өндірістік орындары ластайды екен. Сондықтан болар, Қытай елі шетелдегі көмірэлектрстанцияларын қаржыландыруды тоқтататын болды. Оның орнына экологиялық таза энергетиканы қолдауға күш салмақ. Бұл туралы Қытай төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеді.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

– Қытай енді дамушы елдердегі жасыл энергетика жобаларына басымдық беріп, оларды қолдауға көбірек күш жұмсайды. Және жаңа көмір станцияларын салуды тоқтатады. Сонымен қатар, 2030 жылға ауаға кететін көмірқышқыл газы қалдықтарын барынша азайтуға тырысады. Ал 2060 жылға қарай көмірден толықтай бас тартуды көздейді. Бұл өте қиын шаруа. Соған қарамастан, осы мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Ал Исландиялық мамандар әлемдік климаттың өзгеруінің алдын алу үшін ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын әлемдегі ең ірі зауытты іске қосты. Осылайша мамандар ауа температурасының 2 градустан асуын болдырмауға тырысып көрмек. Бірақ аталған технологияның әлеуеті зор болғанымен, әзірге шығыны да көп болып тұр. Бір тонна көмірқышқыл газын жоюға 100 доллар кетеді. 2019 жылы ауаға 35 миллиард тонна зиянды зат кеткенін ескерсек, мұндай зауыттың жұмысын ұйымдастыру қыруар қаржыны талап етеді, дейді мамандар.

Ян Вурцбахер, компанияның негізін қалаушы:

– Біз ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын әлемдегі ең ірі зауытты іске қостық. Ол жылына 4 мың тонна көмірқышқыл газын жоюға қауқарлы. Бұл кәсіпорын атмосфераны көмірқышқыл газынан тазарту бойынша қазіргі таңда әлемдегі ең қауіпсіз мекеме саналады.

Бүлінген экожүйені қалпына келтірудің қажеттілігі бұған дейін дәл бүгінгідей болған емес. Өйткені қазір адамзатқа құрдымға кету қаупі төнген. Осыны түсінген әлем жұртшылығы осы аптада билік басындағыларды шұғыл әрекетке шақырып, шеруге шықты. Қоршаған ортаны қорғау үшін тиісті шара қабылдауды талап еткендер тек бір елден ғана емес, 80 мемлекеттен табылды.

– Мен шеруге қатысу үшін ауылдан әдейі келдім. Себебі балаларымның болашағына алаңдаймын. Климаттың өзгеруі үлкен мәселе. Сондықтан биліктен баламалы қуат көздеріне көшуді сұраймын. 

– Мен мұнда күресу үшін келдім. Себебі адам баласы болған біз өз планетамызды барынша қорғай білуіміз керек. Әйтпесе, климат өзгерісі бізді өлімге апары сөзсіз.

– Бұл мәселемен біз күреспесек, өскелең ұрпақ қазіргі жан-жануарлар мен өсімдіктерді көре алмай қалады. Өйткені оларға жер бетінен жойылып кету қаупі төнген. Сондықтан бұл өте үлкен мәселе дер едім.

Соңғы уақытта табиғат апаттары жиілегені байқалады. Бір жерді топан су басса, енді бірінде жанартау атқылап жатыр. Дәл қазіргі уақытта Испан жерінде лаваның атқылауы күшейіп кетті. Соның салдарынан тағы 3 ауыл қауіпсіз жерге көшірілді. Қазірге дейін таудан аққан ыстық шоқ 400-ден астам үйді бүлдіріп, жеміс алқаптарын күлге айналдырды. Абырой болғанда, ешкім жапа шекпеген.

Сондай-ақ...