Британияда қожалық иелері ТМД елдерінен жұмысшылар шақыртуға мәжбүр

Британиялық фермерлер брексит пен пандемияның кесірінен жұмыс қолының тапшылығын сезініп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде жеміс-жидек пен көкөніс жинайтын адам табылмай, өнімдер бұзылып кету қаупі алдында тұр. Сондықтан қожалық иелері ТМД елдерінен жұмысшылар шақыртуға мәжбүр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Әлішер Смағұлов 23 жаста. Нұр-Сұлтан қаласынан келіп, нәпақасын тауып жүр. Жарты жылдан бері Шотландияның және Англияның фермаларында жеміс-жидек жинап келеді. Айына теңгемен есептегенде 1 миллиондай жалақы алады. Оның 20%-ке жуығы жатын орын мен азық-түлікке кетеді.

Әлішер Смағұлов, маусымдық жұмысшы:

- Мұнда өзімді сынап көру үшін келдім. Жаңа ел көріп, жер көріп дегендей. Жұмыс оңай емес. Аптасына алты күн, тоғыз сағаттан жұмыс істейміз. Белге, иыққа салмақ түседі. Ағылшын тілін енді үйреніп жүрмін. Мұнда қазақтар аз. Сол үшін елімді сағынып жүрмін. Жақын арада елге қайтқалы жатырмын. Келісімшартым аяқталғалы жатыр.

Жылда Шығыс Еуропадан ағылатын арзан жұмыс қолы биыл аз. Болгарлар мен румындар брекситке байланысты шекараны бұрынғыдай емін-еркін кесіп өте алмайды. Жұмыс визасын рәсімдеуі керек. Оларға енді Еуроодақ құрамынан шықпаған Германияға барып, жалданған тиімді. Ал жергілікті ағылшындар болса, мұндай ауыр жұмысты мардымсыз жалақыға істегісі жоқ. Сондықтан биыл билік 37 елден 16 мыңнан астам жұмысшы шақырды. Араларында ТМД елдерінен келгендер көп. «Бірақ жұмыс қолы бәрібір жетпейді», - дейді фермерлер.

Дэвид Томас, ферма менеджері:

- Жұмысшылардың жетіспеуіне байланысты менің бизнесім биыл 50 тонна таңқурайдан қағылды немесе өнімнің 5%-ін жоғалтты. Бұған тұрақсыз ауа райы кесірінен келген шығынды қосыңыз. Оның үстіне осы жылы таңқурай терушілердің тәжірибесі аз болып, өте баяу қимылдады.

Биліктегілер маусымдық жұмыс визасын он мыңнан отыз мыңға дейін көбейтуге мәжбүр болған. Бірақ нәтиже көңілден шықпады. Енді фермерлер үкіметтің бұл пилоттық жобасы жалғасын тауып, жұмысшылардың санын тағы екі есе көбейтуді талап етіп отыр.

Том Брэдшоу, Фермерлер ұлттық одағының вице-президенті:

- Шаруалары тұралап қалған фермерлер келер жылы егістік жерлерін азайтуды жоспарлап отыр. Жергілікті өнім азайса, дүкен сөрелері қымбат импортпен толып, инфляцияға апаруы мүмкін.

Ұлыбритания фермерлері қиындыққа бейімделе біледі. «Бұл біздің қанымызға сіңген қасиет», - дейді олар. Бірақ дұрыс стратегияны таңдау дәл қазір олар үшін өте қиын болып тұр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы