426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Грузияда жүзім жинау мезгілі жүріп жатыр

  • 73
  • UPD: 12:13, 27.09.2021

Грузиндер жүзімімен мақтанады.

Осы балғын жемісті тіпті турист тартудың көзі деп те біледі. Жергілікті турфирмалар шетелдік саяхатшыларға жүзім жинау науқанын көрсетіп, елдің салт-дәстүрімен таныстырғанды жөн санайды.

Ртвели немесе жүзім жинау – грузиндер тағатсыздана күтетін мезгіл. Бұл мезгілді жергілікті халық ежелден той-думанмен атқарады.

Грузиялықтар ртвели деп аталатын жүзім жинау мезгіліне мейрам ретінде қарайды. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені бұл ежелден келе жатқан дәстүр. Соңғы жылдары оны көріп-білгісі келетін туристер де көбейген. Осыған орай қызығушылық танытқан шетелдік саяхатшыларға жүзімді қалай өсіру керек екені үйретіле бастады.

Элена Чахнашвили, «Шалошвили» марани менеджері:

- Ртвели – шетелдіктердің арасында көп сұранысқа ие туристік бағыттың бірі. Саяхатшылар ежелгі салт-дәстүрімізді білуге талпынып қана қоймай, жүзім жинау ісіне де қатыса алады. Мысалы ежелгі әдіспен жүзім жиналады, дайындаушы өнімді сацнахели деген аяқ киім киіп езеді. Бұл олар үшін өте қызықты. Былтыр індеттен мереке шетелдіктерсіз өтті. Биыл туристер қайта келіп, жағдай өзгере бастағанына қуаныштымыз.

Грузияның шарап жасау өнерінің 8 мыңжылдық тарихы бар. Ежелгі дәстүр осы заманға дейін жеткен.

Гела Гуташвили, туристік компания өкілі:

- Туристер үшін жүзім жинау қызықты. Егер жергілікті тұрғын күнделікті өмірде 300-400 келі жүзім жинаса, турист 8-10 келі жеміс тереді. Бірақ бұл іс оларды рахат сезімге бөлеп, мәз-мейрам етеді.

Ртвелидің соңы әдетте супра, яғни мол дастархан жайып, ұлан-асыр той тойлаумен аяқталады. Бұл да ежелден келе жатқан дәстүр.

Алексей Гарусов, украиналық турист:

- Мен әлемнің 70 елінде болдым. Бірақ олардың ішінде 2-3 елге бара бергім келеді. Солардың бірі Грузия. Мен бұл елге 6-шы рет келіп тұрмын. Себебі Грузия ерекше ел.

Грузияда жүзімнің 450 түрі өсіріледі. Қыркүйек айында ртвели Грузияның шығысында, ал қазан айында батысында жүреді.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы