Оңтүстіккореялық сериал алғаш рет Netflix-те топ жарды

Оңтүстік Кореяның «Кальмар ойыны» сериалы Netflix платформасында қаралым бойынша алдыңғы орынға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24» ТАСС-қа сілтеме жасап.

Туынды алғаш рет 17 қыркүйекте Netflix-те көрсетілді, ал бір аптадан кейін қаралым бойынша басқа картиналарды артта қалдырды. Сериал жалпы әлемдік рейтингке ғана емес, сонымен қатар көптеген елде, оның ішінде АҚШ-та аса танымалдыққа ие.

Оңтүстіккореялық драмалық сериал алғаш рет Netflix-те осындай дәрежеге жетіп отыр. Бұған дейін бұл елде түсірілген «Sweet Home» және «#Тірі» туындылары алғашқы ондыққа енгенімен, бірінші орынға жете алмаған.

Киносыншылар түсірілім ауқымын, мықты құрамды және режиссер Хван Донг Хёктің жұмысын ерекше бағалап отыр.