Солтүстік Корея Жапон теңізіне снаряд атты

Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай тағы да белгісіз снаряд атты. Бұл туралы Оңтүстік Корея басылымы хабарлады.

Снарядтың қандай түрге жататыны әрі нақты қай жерден ұшырылғаны әзірге белгісіз. Кей сарапшылар оның баллистикалық зымыран екенін айтады.

Естеріңізге салайық, тақауда Оңтүстік Корея басшысы БҰҰ Бас ассамблеясында көрші елді, арадағы алауыздықты тоқтатуға үндеп, Корей түбегінде соғысты аяқтау декларациясына қол қоюға шақырған болатын. Пхеньян бұл ұсыныстан бас тартқан жоқ. Десе де, Солтүстік Кореяның қаруды сынау мен өз-өзін қорғауға құқылы екенін ескерткен.

Ким Сон, Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

– Солтүстік Корея бір де бір елге ядролық қару қолданбайды. Біз АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да көршілес елдерге қауіп төндіріп, олардың қауіпсіздігін бұзғымыз келмейді. Біз тек өзімізді, еліміздегі бейбітшілікті сенімді түрде қорғау үшін ұлттық қорғаныс күшімізді үнемі нығайтып жатырмыз.