АҚШ: Вакцина салдырмағандар жұмыстан қуылады

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында ондаған мың медицина қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан бас тартқан.

Аймақ басшысы ауруханалардағы бос орындарды толтыру үшін Ұлттық ұлан және басқа штаттардағы денсаулық сақтау мамандарын тартатынын мәлімдеді. Губернатордың айтуынша, вакциналаудан бас тартуына байланысты жұмыстан шығарылғандарға жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақы берілмейді.

Естеріңізге сала кетейік, Нью-Йорк штатының ауруханаларындағы 450 мың қызметкердің 16 проценті әлі күнге дейін екпе алмаған.

Кэти Хочул, Нью-Йорк штатының губернаторы:

– Шыдамның да шегі бар. Осы сәтке дейін вакцина салдырмаған басқа медицина қызметкерлерін тұрғындарға әрі қарай көмек көрсету үшін дәл қазір екпе алуға шақырамын. Әйтпесе, медицина қызметкерлерінің штатын кеңейту және ауруханалардағы жұмысты жеңілдету бойынша біздің нақты жоспарымыз бар.