Балаларды кибершабуылдан қалай қорғаймыз?

Орталық Азия елдерінде төменгі сынып оқушыларының 43 проценті әлеуметтік желілерде өз парақшасын ашқан. Ал ата-аналардың барлығы бірдей баланың киберқауіпсіздігін қадағалай алмайды. Алайда ғаламтордан төнген қауіп-қатерді азайтуға болады екен. Бұл жайт Бішкекте өтіп жатқан Орталық Азия форумында айтылды. 

Коронавирус пандемиясының салдарынан адамдар интернетке үңіліп, қашықтан оқып, жұмыс істеуге мәжбүр болды. Жұрт компьютерлік құрал-жабдық пен бағдарламаларды көбірек иегере бастады. Алаяқтар да қарап қалмады. Вирусқа қарсы бағдарлама жасаушылардың айтуынша, Қырғызстан хакерлік шабуылдар бойынша әлемде бесінші орында. Дегенмен цифрлік технологияларды ендіруден түсетін пайда артық, сондықтан провайдерлер халықты интернетпен қамтуға тырысып келеді.

Татту Мамбеталиева, қоғамдық қор директоры:

– Онлайн қосылып, балаларын оқытатын немесе медициналық қызметтер алатын гаджеттер бәрінде бола бермейтіні анықталды. Ал егер осындай жағдай қайталанса, бұл мәселені қалай шешу керектігін бірлесіп ойлануымыз керек. Өйткені барлығын кең жолақты интернетпен қамти алмаймыз.

Балалардың киберқауіпсіздігі бөлек мәселе. Пандемияның кесірінен жасөспірімдер тікелей араласудың орнын онлайн алаңдармен ауыстыруға мәжбүр болды. Вирусқа қарсы бағдарлама жасаушы компанияның зерттеуінше, Қырғызстанда жоғары сынып оқушыларының 95 проценті әлеуметтік желілерде тіркелген. Алайда негізінен бөтен адамдар достасуға шақырған жасөспірімдерге қауіп төнеді.

Валерий Зубанов, вирусқа қарсы бағдарламалардың авторы:

– Қаскөйлер балаларымызға таласып жүр. Орталық Азия елдері бойынша өте қызық статистика бар. Төменгі сынып оқушыларының 43 процентінде әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар екен. Оқушылардың жартысына танымайтын адамдар достық ұсынады.

Қырғызстанда жеткіншектерді интернет-қауіптен қорғайтын заң әлі жоқ. Дегенмен құқық қорғау органдары балалар мен ата-аналарға киберқауіпсіздік ережелеріне қатысты іс-шара өткізеді. Форумға қатысушылардың айтуынша, баланы ғаламтордағы зиян ақпараттан сақтайтын компьютерлік бағдарлама немесе ұялы қосымша жоқ. Алайда ата-аналары тиісті көңіл бөліп, балаларымен тіл табысса, жасөпірімдерді қорғауға мүмкіндік едәуір артады.

Авторы: Бақыт Чермашев