Түркістанда ТүркПА X пленарлық отырысы басталды

Түркі әлемінің өкілдері Түркістанда бас қосты. Қазір түркі тілдес мемлекеттердің парламент ассамблеясының 10-ыншы пленарлық отырысы басталған. Оған ұйымға тұрақты мүше 4 елдің Парламент палаталарының спикерлері қатысып жатыр. 

Бірер минут бұрын түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының X-ншы пленарлық отырысы басталды. Бұл пандемия басталғалы түркі әлемі елдерінің алқалы жиында алғаш басқосуы. Ковидтен қорғану шаралары, санитарлық талаптар қатаң сақталған.

Төртеу түгел болса төбедегі келеді. Пленарлық отырысқа парламенттік ассамблеяға мүше төрт ел – Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан елдерінің парламент палаталарының төрағалары қатысуда. Өзбекстан парламентарийлері де шақырылған. Ал 2014 жылы ұйымда бақылаушы мәртебесін алған Венгия өкілдері де келді. Осыдан бірер сәт бұрын тек ұйымға мүше 4 мемлекеттің парламент спикерлері кеңес отырысына қатысқан болатын. Онда Әзербайжан Түркпаға төрағалық етуді Қазақстанға табыстады. Кеңестен шыға сала Парламент палаталарының спикерлері ортақ суретке түсіп, пленарлық отырыс залына кірді.

Жалпы бұл жиынның түпкі мақсаты – түркі елдері парламентаралық ынтымақтастығын нығайтып, заңнамалық жұмысты сапалы деңгейге көтеру. ТҮРКПА-ның мерейтойлық сессиясына келген меймандарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың сәлемдесу сөзін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жеткізді. Мәжіліс спикері ТҮРКПА-ның негізін қалаушы түркі елдерінің достығын нығайта түсудегі Тұңғыш Президент–Елбасының тарихи ролін айтып өтті. Тараптар пленарлық отырыста Түркістан декларациясын қабылдайтын болады. Онда түркі елдерінің алдағы бірнеше жылда бірлесе атқаратын шаруалар тізбегі бекітілмек.