Грэмми сыйлығының үш дүркін жеңімпазы қалған өмірін темір торда өткізуі мүмкін

Нью-Йорктегі алқабилер соты әйгілі американдық рэпер және продюсер R.Kelly-ді (Роберт Сильвестер Келли) бопсалау, жыныстық мақсатта адам саудасын ұйымдастыру, сондай-ақ балаға жыныстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен кінәлі деп тапты, деп хабарлайды «Хабар 24» korrespondent.net сілтеме жасап.

Үкімді жариялау 2022 жылғы 4 мамырға белгіленген. 54 жастағы музыкант өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Сот талқылауы кезінде прокурорлар жұлдыздың менеджерлері, күзетшілері мен басқа да қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттерді жасауға қалай көмектескенін егжей-тегжейлі сипаттады.

Жәбірленушілер рэпердің жанкүйерлері мен R.Kelly музыкалық салада көмек ұсынған жас әншілер арасынан болған. Қыздар келіскеннен кейін, олар «Роб ережелері» деп аталатын тәртіпті ұстануға мәжбүр болған, бұзған жағдайда қатаң жазаланып отырған.

Сот барысында сондай-ақ  музыкант шенеунікке 2001 жылы тамызда ұшақ апатынан қайтыс болған 15 жастағы әнші Алияға үйлену үшін пара бергені белгілі болды.

Рэп орындаушысы сонымен қатар балалар порнографиясы және сот төрелігінен жалтару айыбы бойынша Чикагода жауап беруде. 

Айта кетейік, ол Иллинойс пен Миннесота штатында жыныстық зорлық-зомбылық ісіне де айыпталып жатыр.

Грэмми сыйлығын үш рет алған R.Kelly 1995 жылы I Believe I Can Fly әні шыққаннан кейін танымалдыққа ие болған.