АҚШ-тың батыс бөлігі қуаңшылықтан қиналып қалды

Биылғы қуаңшылық біздің ел ғана емес, тұтас әлемді қуырып жібере жаздады. Өзен-көлдер суалып, егін шықпай жатыр. Мамандардың пайымдауынша, жағдай осылай жалғаса берсе, көп ұзамай жер бетінде, азық тапшылығы туындауы мүмкін.

АҚШ-тың батысындағы штаттар биыл қуаңшылық зардабын тартып отыр. Аймақта 800 мың шаршы шақырым жер құрғап кеткен. Салдарынан егіншілердің шаруасы шайқалып, тірлігі тұралап тұр. Жұрт не істерін білмей дал. Сенері тек табиғаттың жомарттығы ғана. Өйткені су жоқтың қасы.

Фил Файн, шаруа:

- Бізді қуаңшылық қысып тұр. Бұл мәселені бір апта бұрын да, бір ай бұрын да көтергенбіз. Ал су арнасы биыл таяз.

Қуаңшылық салдары биыл бразилиялық диқандарды да діңкелетіп отыр. Себебі бұл ел соңғы 100 жылда болмаған құрғақшылықты бастан кешті. Елдегі өзендерде су деңгейі кәдімгідей төмендеп кеткен. Ал оның кесірі тек егінге ғана емес, электр қуаты өндірісіне де зиянын тигізді. Яғни жергілікті су электр станциялары энергия өндіруді қысқартып, тарифті көтере бастаған. Аргентинада да осыған ұқсас жағдай. Ал Чилиде қос бүйірден қысқан қуаңшылыққа байланысты 16 өңірдің 8-інде төтенше жағдай жарияланды. Парагвайда аптап ыстық пен жауынның жоқтығынан елдегі ең ірі өзенде су деңгейі төмендеп кеткен. Бұл жағдай кеме қатынасына әсер етіп, экономикалық шығын әкеле бастаған.

Хуан Карлос Муньос, Кеме иелері қауымдастығының өкілі:

- Қуаңшылықтың салдары логистикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде Парагвай экономикасына орасан зор зардабын тигізеді. Қазірдің өзінде кемелердің стратегиялық маңызы бар тауарларды тасымалдай алмай жатқанына алаңдап отырмыз.

Ауғанстан астанасы Кабулда су тапшылығы туды. Климаттың өзгеруінен пайда болған жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады. Тіпті алдағы күндері шаһардың су қоры түгел таусылып қалуы мүмкін. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының дерегі бойынша егер тіршілік нәрімен байланысты мәселе тез арада шешілмесе, елдегі ашаршылық жағдайы одан сайын ушыға түседі.

Сондай-ақ...