Израильде эпидахуал күрделенді

Израильде эпидахуал күрделенді

Біраз бұрын «ковидті жеңдік» деп шаттанған Израильде қазір эпидахуал қиынға соғып тұр. Жансақтау бөлімдерінде ауыр халде жатқан науқас көп. Енді дәрігерлер үшінші мәрте вакциналаудың тиімділігін байқап көрмек.

Ауруханалардағы жансақтау бөлімдері науқасқа толы. Күн сайын коронавирустан 30-ға жуық адам көз жұмады. Бар-жоғы 9 миллион халқы бар шағын ел үшін бұл тым көп. Алайда дәрігерлер бақилық болғандардың арасында үшінші екпе алғандардың болмағанын байқаған.

Шарон Прайс, Израиль қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің жетекшісі:

- Соңғы үш күндегі деректерге көңіл аудардық. Осы мерзімде ковидтен 62 адам көз жұмды. Олардың ешқайсысы үшінші екпе салдырмаған. Қырығы мүлде вакцина алмаған, ал 22-сі екпені алты ай бұрын алған немесе бір рет ғана салдырған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы күндері ауруханаларға түскен ауыр халдегі науқастардың 80 проценті мүлдем екпе алмаған. Мамандардың айтуынша, вакцина вирусты жұқтырудан толық сақтамағанымен аурудың ауыр түрде өтуінен және өлімнен қорғап қалады.

Юрий Ранков, Тель-Авив бірінші медициналық орталығының жетекшісі:

- Ковидпен ауырған науқастар әлі де көп. Дегенмен, вакцина алғандардың көбінде ауру жеңіл өтіп жатыр. Өміріне төнген қауіп жоқ, тіпті ауруханаға да жатқызылмайды.

Бұған келтірер мысал көп. Ел астанасындағы ауруханалардың бірінде дәрігерлер айы-күні жақындаған екі әйелдің өмірі үшін арпалысып жатыр. Екеуі де екпе салдырмаған. Ал Тель-Авивте 46 жастағы әйел аурухананың қабылдау бөлмесінде көз жұмды. Кезінде ол да вакциналанудан бас тартқан екен. Қазір АҚШ-тың Израильдегі құзырлы органы 5 жастан асқан балаларға екпе салуға рұқсат берілуін күтуде. Өйткені бұл жастағы балалар халықтың ең аз қорғалған тобына жатады. Ал мамандар балаларды вакциналағаннан кейін індетті жеңуге болады деп санайды. 

Сергей Ауслендер