Ауғанстанда мұғалімдер мен медицина қызметкерлері жалақысыз қалды

Ауғанстанда 120 мың әйел мұғалім мен 14 мың медбике бірнеше ай бойы жалақысыз отыр.

Осыған орай елдің денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мұғалімдер мен құқық қоғаушылар халықаралық қауымдастықты Ауғанстанға қаржылай көмегін қайта жандандыруды сұрайды. Бұған дейін елдегі 14 мың медицина қызметкерінің 8400-іне жалақыны Дүниежүзілік банк төлейтін. Ал соңғы екі айдан бері төлем тоқтатылып қалды. Мамандардың нәпақасыз қалуынан шалғай елді мекендерде ана мен бала өлімі жиіледі.  Жұмыссыз қалған әйел мұғалімдер болса, тәліптерден қыз балаларға бөлек сынып ашуды талап етіп отыр. 

Айта кетейік, Ауғанстандағы қазіргі ахуалға байланысты Халықаралық валюта қоры, Орталық банк пен Дүниежүзілік банк аймаққа бөлінетін қаржылай көмекті тоқтатты, ал АҚШ елдің активтерін блокқа салып тастады. Жалпы ауған жеріне шет елдерден бөлінетін қаржылай көмек мемлекет шығынының 75 процентін өтейтін. Билікке тәліптер келгелі елде гуманитарлық дағдарыс орын алып, екі қолға бір күрек таба алмай отырғандардың қатары артты.