Сеулдегі көрмеде камикадзе дрондар жұрт назарына ұсынылды

Жасанды иттер мен шаяндар, тіпті камикадзе дрондар. Мұндай ерекше экспонаттар Сеулдегі пилотсыз қондырғылар көрмесінде көрсетілді. Ұйымдастырушылар дрондарға ерекше назар аударды. Өйткені олар барлық салада қолданылып, Оңтүстік Корея әскерлерінің негізгі қаруына айналды. 

Мына робот иттің қарым-қабілеті жаман емес. Қос көздің орнына орнатылған сенсорлы камералар алуан түрлі кедергілерді айналып өтуге мүмкіндік береді. Алайда оның қуаты небәрі 1 сағатқа шақталған. Мұндай құлтемірдің құны 8 жарым мың доллар. Бірақ бірегей роботты саудаға тек 5 жылдан кейін шығару жоспарланып отыр.

Чон Хи Соп, компания өкілі:

- Бұл роботты құрылыста да қолдануға болады. Егер қандай да бір қызметкер коронавирус жұқтырса немесе оның дене қызуы көтерілсе, мынау құлтемір температураны анықтап дыбыс шығарады. Ал егер зауытта оқыс жағдай болып, адам ғимаратқа кіре алмай жатса тағы осы иттің көмегіне сүйенуге болады. 

Салмағы бір тоннадай болатын мына шаян тәріздес робот болса мұхитта 6 мың метр тереңдікке дейін түсе алады. Судың түбін суретке түсіріп бақылау жүргізеді.

Владислав Цой, тілші:

- Мына құрылғы жүктің салмағын 80 процентке жеңілдетеді. Ал мына костюм жауынгерге сағатына 10 шақырым жылдамдықпен 4 сағат бойы тоқтаусыз қозғалуға мүмкіндік береді.

Роботтар мен дрондардың әскер үшін пайдасы мол. Сондықтан осы салада кеңінен қолданылатыны белгілі. Мысалы, қашықтан басқарылатын мына аппарат тауарыңызды қалаған жеріңізге жеткізсе, дәл осындай мына дрон стратегиялық нысандарды қорғауға арналған. Ол атом электр станциясын нысанаға алған жаудың дронын алыстан анықтап, істен шығаруға қауқарлы. Қазір Кореяда ұшқышсыз такси жүйесін де енгізу қарастырылып жатыр. Келешекте Сеул тұрғындары дрондармен ұшуы мүмкін. 4 жолаушыға арналған мына көлік 1 шақырым биіктікке дейін көтерілсе, мына аппарат бір қуатталған соң 100 шақырым жерге дейін ұша алады. Сутегімен жүретін құрылғылар да бар. Кореяда ұшқышсыз көлік жүйесін іске қосу 2025 жылға жоспарланып отыр. 

Владислав Цой, Ольга Лян