Covid-19: Ресейде кісі өлімі бойынша «антирекорд» тіркелді

Ресейде қатарынан екінші күн коронавирустан кісі өлімі бойынша антирекорд тіркелді. Бұған дейін 852 адам көз жұмса, кейінгі тәулікте көрсеткіш 857-ге жетті. Мамандар эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына бірнеше жайт әсер еткенін айтады.

Ресейде кейінгі тәулікте коронавирустан 857 адам көз жұмды. Бұл - пандемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Өңірлердің жартысында вирус жұқтырғандар саны артып барады. Мамандар эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына қатысты бірнеше себеп бар дейді. Біріншіден, бұл тез тарайтын дельта штамымен байланысты. Қазір науқастардың 90 процентінен осы мутация анықталып жатыр. Екіншіден, көз жұмып жатқандардың көбі әлі вакцина алмағандар екен. Мамандар қазір респираторлық аурулардың қозатын кезі дейді. Оның үстіне жұрт демалыстан оралып, сабақ басталуы да індеттің өршуіне әсер еткен. Енді кей өңірлер шектеу шараларын күшейтіп жатыр.

РУМЫНИЯДА ВАКЦИНАЛАУ НАУҚАНЫ БАЯУЛАП ҚАЛДЫ 

Румынияда да антирекорд тіркелді. Елде кейінгі тәулікте 11 мың адамның тапсырған ПРТ-тесті оң нәтиже көрсеткен. Ауруханаларда науқастарды жатқызатын орын жоқ. Мамандар вакциналау көрсеткіші төмен екенін айтады. Ахуалдың нашарлауына осы жайт себеп дейді. Мемлекет Еуроодақ ішінде екпе егу бойынша ең нашар нәтиже көрсетіп отыр. Румыния астанасы Бухарестте маска тағу тәртібі күшейтілді. Кейбір мекемелердің жұмысы шектелді. Ал вакцина салдырмаған шетелдіктер 2 апталық карантинге жіберіледі.

Дженовева Кадар, жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

– Бізде емделіп жатқан науқастардың арасында бір жігіт бар. Ол кезінде коронавирусқа және оған қарсы вакцинаға сенбейтінін айтқан. Енді осы сөздері үшін өкініп отыр. Ол ауруханадан шыққаннан кейін вакцина салдырамын дейді.

ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯДА ВИРУС ТЕЗ ТАРАЛЫП ЖАТЫР 

Жаңа Зеландияда да эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Мұнда бір тәулікте 45 жаңа дерек расталды. Басқа елдерде бір күнде он мыңдаған оқиға тіркелгенде, бұл болмашы сан болып көрінуі мүмкін. Алайда Жаңа Зеландия үшін бұл үлкен көрсеткіш. Тамызда мұнда, тіпті, бір оқиға үшін локдаун енгізілген. Мамандар науқастар санының артуын дельта штамымен байланыстырады.

Эшли Блумфилд, Жаңа Зеландия Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры:

– Біз сандардың осылай артып кететінін болжаған едік. Өйткені науқастардың көбі - нақты бір отбасылардың мүшелері. Елімізде тестілеу көрсеткіштері жоғары. Соның арқасында жаңа оқиғаларды тез анықтап жатырмыз.

БАЛҚАН ТҮБЕГІ ЕЛДЕРІНДЕ ЭПИДАХУАЛ НАШАРЛАП БАРАДЫ    

Балқан түбегі елдерінде де эпидемиологиялық ахуал күрделі. Мәселен, Сербияда бір күнде шамамен 8500 адамның тапсырған ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Бұл «антирекорд». Сондықтан Коронавируспен күрес штабы алдағы уақытта қатаң шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін ескертеді.

Албанияда кісі өлімі артып барады. Маусымның басында мемлекет кісі өлімі бойынша нөлдік көрсіткешке қол жеткізген болатын. Алайда дельта штамының тез тарауына байланысты, екіншіден вакциналаудың баяу жүргізілуі салдарынан жағдай өзгеріп шыға келді.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева