Түркияда жылжымайтын мүлік қымбаттады

Былтырғы шілде айынан бері Түркияда пәтер жалға беру бағасы орта есеппен 38%, жылжымайтын мүлікті сатып алу 27% артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбір аудандарда баспана бағасы еселеп өскен. Қазір орта санаттағы «ақ жағалылар» да өмір сүру тым қымбаттап кеткенін айтады.

Мұстафа Бичер, жергілікті тұрғын:

– Пәтерді жалға алу бағасы қымбаттады. Бұған дейін ай сайынғы төлемге жалақымыздың бір бөлігін ғана берсек, қазір жақсы пәтерде тұру үшін тапқанымызды түгел жұмсауға тура келеді. Соңғы жылда барлық тауар қымбаттады. Инфляция өте жоғары. Бірақ жалақымыз ғана өзгеріссіз, көтерілген жоқ.

Елдегі жылжымайтын мүлік бағасының күрт өсуіне соңғы бір жылда құрылыстың 90% төмендеуі себеп. Өйткені, құрылыс материалдары инфляция мен түрік лирасының құнсыздануына байланысты 4 есе қымбаттаған. Түркия бірнеше жер сілкіну желісінің торабында орналасқан. Әсіресе, Ыстамбұл мен Измир. Бұл да бағаның көтерілуіне әсер етеді. Себебі тұрғындар қауіпсіздігі жоғары, сенімді ғимараттар іздеуге тырысады.

Дүрие Булут, маклер:

– Түркияда соңғы 6 айдың ішінде жылжымайтын мүлік секторында үлкен өзгерістер бар. Тұрғын үй құрылысының тоқтап қалуы ескі пәтерлердің де бағасын өсіріп жіберді. Нарықта нақты баға жоқ. Үй қожайындары бір-біріне қарап бағаларды қымбаттатып отыр. Нарықта арзан үй жоқ. Бір жарым жылдан кейін келген студенттер мен үйін ауыстырушылар да жалға алуға мәжбүр. Пәтерді сатып алу да күрделі. Үйдің бағасы 500 мыңнан 800 мыңға өсіп кеткен. Несиенің пайызы да жоғары.

Пәтер құны мен жатақхана жетіспеушілігіне қарсылық ретінде ірі шаһарлардағы кей студенттер саябақтарға түнеп, мәселенің шешілуін талап етіп отыр. Бірқатар провинциядағы жергілікті әкімшілік жататын орны жоқ студенттерді қонақ үйлерде орналастырып, ақшалай қолдау көрсете бастады. Алайда наразылық білдіруші жастардың пікірінше, бұл уақытша шешім. Мәселенің түйінін толық тарқату қажет.

Бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған ел президенті Режеп Тайып Ердоған жатақханаға қатысты дау қасақана ұйымдастырылғанын айтады. Тіпті саябақта түнеп жүргендердің бір бөлігі студент емес.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Биыл жатақханада тұруға 624 мың студент өтініш білдірген. Бұл осы уақытқа дейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Бір, екі және үш орындық бөлмелерге 430 мың адам орналастырылды. Яғни өтініш білдіргендердің 70%. Өрт және су тасқыны болған аймақтардан келген студенттердің өтініші бірінші кезекте қаралды.

Биліктің пайымдауынша, инфляция жыл соңында төмендейді. Ал жылжымайтын мүлік саласындағы Хепси Эмлак компаниясының есебіне сәйкес, Ыстамбұлдың 50 ауданында тұрғын үйді жалға беру бағасы 50% артқан. Елдегі бұл жағдай доллармен есептесетін шетелдік азаматтарға тиімді. Өйткені оларға Анадолы жерінде үй сатып алу тиімді.

Сондай-ақ...