АҚШ-та коронавирустың беті қайтты

Бұл туралы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары мәлімдеді.

Олардың айтуынша, ковидпен ауырғандардың саны өткен аптада 20 процентке түскен және бұл 3 айдан бері болмаған көрсеткіш. Мұндай оң өзгеріс елдің 47 штатында тіркелді. Осылайша қыркүйектің басында ауырғандардың саны бір аптада 160 мыңнан асса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін түскен. Эпиджағдай тұрақталып келе жатқанымен, арқаны кеңге салуға әлі ерте дейді мамандар. Өйткені тұмаудың келуі мен күннің суытуы жағдайды қайта ушықтыруы мүмкін. Оған қоса, АҚШ халқының жартысынан астамы ғана толықтай вацина алған. Бұл жаппай иммунитет қалыптастыруға жеткіліксіз дейді мамандар.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың аллергиялық және жұқпалы аурулар институтының директоры:

– Пандемияда өмір сүріп жатқанымызға 20 айдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында эпиджағдай бірде түзеліп, бірде ушығып келді. Қазіргі кезде қандай да бір болжам айту қиын. Барлығы адамдардың өзіне байланысты. Өйткені жағдайдың жақсаруы тікелей вакцина алуға және бетперде киюге байланысты. Қазіргі кезде вакцина алуға жарамды 70 миллион америкалық екпені салдырмай жатыр. Біз ең алдымен соларға вакцинаның маңыздылығын түсіндіруіміз қажет.