Қытайда электр энергиясының жиі өшірілуіне не себеп?

Қытайда республиканың құрылу күніне орайластырылған жарық шоулары өтпейтін болды.

Өйткені той-тойламақ тұрмақ халыққа жарық беруге мүмкіндік болмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі күндері шам жиі сөнетін болған. Сарапшылар «бұған көмірдің тапшылығы әрі биліктің «жасыл» саясаты себеп», дейді.

Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласы 1 қазанға жоспарланған жарық шоуынан бас тартса, сағатына 23 мың киловатт электр энергиясын үнемдейді екен. Бұл шаһар орналасқан Гуандун провинцясында электр энергиясын тұтыну мөлшері былтырғымен салыстырғанда 17%-ке артқан. Сондықтан өңірдегі кәсіпорындар барынша үнемшіл болуға мәжбүр. Билік өзге аймақтардағы ел-жұрттан да тоқты тұтыну мөлшерін азайтуды талап етіп тұр.

Чи Чанбао, Шэньян қаласының тұрғыны:

- Қаладағы өндіріс ошақтары орналасқан ауданда электр энергиясын беруді уақытша тотатып тастады. Жарық төрт сағаттай болған жоқ. Себебі белгісіз. Бірақ тұрғындардан желдеткішті аз пайдаланып, электр энергиясын үнемдеуді сұрап жатыр.

Сарапшылар электр энергиясының жиі өшуіне бірнеше себеп барын айтады. Біріншіден, экспорттың ұлғаюына байланысты өндіріс көлемі артқан. Биыл алғашқы 8 айдағы көрсеткіш былтырғыдан 13%-ке көп. Екіншіден, жергілікті билік электр энергиясын индустриалды мақсатта пайдалануды азайтып, ауаға бөлінетін көміртегі мөлшерін мейлінше қысқартуды көздеп отыр. Бірақ статистика көрсетіп отырғандай, алғашқы жартыжылдықта өңірлердің көбі бұл міндеттемелерді орындамаған. Оның үстіне қазір көмір тапшы. Өндіріс орындарының 70%-інде электр энергиясы осы отын арқылы өндіріледі. Сондықтан сұраныс артып, көмір қымбаттап кеткен.

Чэнь Чэнь, энергетика саласындағы талдаушы:

- Бағаның өсуі – бұл ұсыныс пен сұраныстың айырмашылығынан туындаған мәселе. Қаңтар мен шілде аралығында көмірді өндіру 4,9%-ке артты, ал импорт 15%-ке азайды. Сұраныс болса, 10% артқан. Сонда ұсыныс пен сұраныс арасындағы айырмашылық 6%-ке тең болып отыр.

Аталған мәселенің бәрі өндіріс көлемін төмендетіп, тауар жеткізудің жаһандық жүйесін бұзуы да мүмкін. Бұл жағдайдың қанша уақытқа созылатынын да дөп басып айту қиын. Кей болжам бойынша қазан айында ахуал біршама жақсаруға тиіс. Ал мемлекеттік компания өкілдері халық мереклер мен қыста жарықсыз қалмайды деп сендіреді. Ал ауаны ластайтын өндіріс орындарының электр энергиясын тұтынуына қатысты бақылау күшейтіле бермек.