ЕО Беларусь шенеуніктеріне виза беруді қатаңдатады

Еуропалық Одақ Беларусь шенеуніктеріне виза беру тәртібін қатаңдатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Брюссель ресми Минск өзінің батыс шекарасы арқылы одақ аумағына мигранттарды заңсыз бағыттап жатыр деп айыптайды. Еурокомиссия бұл елмен визалық режимді жеңілдету туралы келісімшартты жартылай ғана тоқтатуды ұсынып отыр. Ал виза құны 35 еуродан 70 еуроға дейін өсірілмек.

Маргаритис Схинас, Еурокомиссияның вице-президенті:

- Мұның қарапайым азаматтарға еш қатысы жоқ. Визалық тәртіпті қатаңдату үкімет шенеуніктері мен дипломатиялық төлқұжат иелеріне қолданылады. Біздің ұстанымымыз анық. Біз Еуроодақтың сыртқы шекарасын қорғауда әрдайым бірлесіп әрекет етететін боламыз.