425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Украинадағы «Отбасылық дәрігер» реформасының олқы тұстары көп

  • 76
  • UPD: 15:04, 30.09.2021

Украинада 28 млн адам отбасылық дәрігермен келісім жасасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, коронавирус пандемиясы салдарынан бұл жүйе тиісті дәрежеде жүзеге асырылмай қалды. Жаңа жүйе арқылы келісімге отырған тұрғындар жанұялық дәрігердің көмегін дер кезінде ала алмай отыр. Ауқымды медициналық реформа неге тиімсіз болып шықты?

Аида Қыдырбай, тілші:

- Үш жыл бұрын Украина билігі үлкен медициналық реформаны жүзеге асыра бастады. Оның ішіндегі «Отбасылық дәрігермен келісім» бағыты тұралап қалған проблеманы шешуі тиіс еді. Осы реформа негізінде миллиондаған украиналық терапевт және педиатрмен «медициналық көмек көрсету» бойынша келісім жасасқан. Бұл бір отбасылық дәрігерге орта есеппен мың адам келеді деген сөз. Сәйкесінше, мемлекет «Украинаның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі» арқылы отбасылық дәрігерге әр пациент үшін орта есеппен жылына 600 грн, шамамен 9300 теңге аударып отырған. Алайда, бір жыл бұрын басталған коронавирус індеті ең алдымен дәрігер тапшылығын тудырды.

Марина Полищук, Киев қаласының тұрғыны:

- Отбасылық дәрігермен келісім жасастық, алайда қатты ауырып тұрғанда дәрігерді орнынан табу қиын. Сайт арқылы жазылып, дәрігердің қабылдауын бір апта күтуің керек.

Ал дәрігерлер мемлекеттік емханалардағы жалақының аздығын айтып шағымданады. Оның үстіне елде карантин басталғалы отбасылық дәрігердің жұмысы еселеп артқан. Коронавирус жұқтырып алу қаупі өз алдына. Сол себепті Людмила сияқты мыңдаған дәрігер жеке клиникаға кетуге мәжбүр қалған.

Людмила Степанова, дәрігер:

- Реформа басталды, алайда көп жағдай ескерілмеген. Олқы тұстары көп. Дәрігерлердің тапшылығы сонша, кейде бір ай күтуге мәжбүр боласың. Не жазылып, не қоңырау шала алмайсың. Өте қолайсыз.

Жаңа жүйе басталғалы Украинада тұрғылықты мекенжай бойынша аудандық емхана, учаскелік терапевт қызметі тоқтатылған. Осылайша, ел билігі реформа арқылы әрбір украиналықты мүмкіндігінше тегін алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етпек болғанымен, тұрғындардың отбасылық дәрігер қызметін алуы қиындап кетті, оның үстіне маман тапшы. Отбасылық медицина қауымдастығының мәліметі бойынша елде 4 мың отбасылық дәрігер жетіспейді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы