Британия зейнетке шыққан жүргізушілерді жұмысқа шақырды

Ұлыбритания үшін жұмыс күшінің тапшылығы ауыр тиді. Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін одаққа мүше елдерден емін-еркін келіп жұмыс істейтін шетелдіктердің Корольдік аумағына өтуі қиындаған. Соның кесірінен қазір 100 мыңдай жүк көлігінің жүргізушісі жетіспейді. Мұның зардабын тамақтану орындары, дүкендер мен жанармай құю бекеттері тартты. Мейрамхана мен сауда орындарына азық-түлік, ал бекеттерге жанармай жеткізетін адам жоқ. Жергілікті тұрғындар жүк көлігінің жүргізушісі секілді жұмысқа қызықпайды.

Мэри-Джейн Петит, клинингтік компания директоры:

- Біздегі жұмысшылардың 70 проценті испандар, болгарлар, румындар мен Оңтүстік Америка елдерінің азаматтары. Олардың көбі карантин кезінде үйлеріне кетіп қалды. Сөйтіп, біз қызметкерлеріміздің төрттен бірінен айырылдық. Британдықтар қызығушылық танытпайды. Біздің жұмыс таңертең 9-дан кешкі 5-ке дейін жалғасады. Алайда жергілікті тұрғындар 10-нан 3-ке дейін ғана істейтін жұмыс керек дейді.