Dubai EXPO 2020 көрмесінде Қазақстан павильоны ашылды

Дубай EXPO-2020 көрмесінде Қазақстан павильонының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған 500-ден астам адам келді. Алғаш болып павильондағы экспозициялармен Дубай әмірі, Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-министрі шейх Мұхаммед Әл Мактум танысты. Жалпы аптап ыстыққа қарамастан, дүниежүзілік көрмеге келушілер көп.

Аллен Чайжунусов, «Qazexpocongress» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің павильонның алғашқы сағаттары қарқынды өтті. Сағат 10-да Дубай әмірі, БАӘ премьер-министрі және вице-президент шейх Мұхаммед Әл Мактум келді. Бұл көрме жұмысының алғашқы сағаттарында болған алғашқы павильондардың бірі болды. Павильонның базасында жеке мазмұнды іскерлік кездесулер жоспарланған. Мысалы, Қазақстанның жасыл аптадағы бағдарламасы іске қосылмақ. Сонымен қатар өңірлер мен облыстардың және қалалардың күндері өткізіледі.

Қазақстан павильоны үш қабаттан тұрады. Келушілер ең алдымен еліміздің туристік әлеуеті, көркем табиғаты, мәдениет пен салт-дәстүрімізбен танысады алады. Сонымен қатар қонақтарға көне дәуірден бергі Қазақстан тарихы да ұсынылған. Айта кетерлігі, павильонның құны 8 миллиард теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмсалған қаражат инвестиция есебінен өтеледі. Павильон аумағында 30 іскерлік кездесу өткізу жоспарланған.

Киара Хильдебранд, Австрия тұрғыны:

- Менің ең жақын досым қазақстандық. Сіздің еліңіздің табиғаты таңғажайып екенін білемін. Мен болашақта сол кереметті өз көзіммен көру үшін Қазақстанға барамын.

Сами Свинг, Пәкістан тұрғыны:

- Біз EXPO көрмесінде алғаш рет болып отырмыз. Көрменің ашылуы жарияланған кезде біз мектеп оқушылары едік. Роботтың қолымен жасалған мейн-шоу ерекше ұнады. Сондай-ақ Қазақстанның өз тарихы, мәдениеті, табиғаты туралы баяндама бізді таң қалдырды.