Түркияда электронды темекіні жасырын саудалайтындар азаяр емес

Түркияда электронды темекіге әуес жастар көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, соңғы кездері шылымның бұл түріне арналған қосымша құрылғылардың саны артты.

Еске салайық, былтыр елде электронды темекінің кез келген түрін сатуға тыйым салынған. Ал заң ақпан айында ресми түрде күшіне енген. Тіпті бұл мәселе жөнінде ел президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы мәлімдеме жасап, әлемдік ірі компаниялардың түрік нарығына кіруіне тосқауыл қойған. Алайда электронды темекіні жасырын саудалайтындар азаяр емес. Осыған байланысты мамандар шылым тартуға итермелейтін барлық заттарға тыйым салу қажет деп отыр.

Өмер кутсал, Анкара қаласының тұрғыны:

- Елімізде тыйым салынғанына қарамастан электронды темекілер мен вейп сатушыларды, қолданушыларды жиі кездестіреміз. Адамдар көбінесе оларды зияны аз болғаны үшін және темекіні тастау үшін қолданады. Алайда, зерттеулер мұны теріске шығарып отыр. Менің ойымша, темекінің кез келген түрі зиян.