Австралияда құйыннан үш елді мекен жарықсыз қалды

Жапония астанасына алапат тропикалық дауыл таяп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар су тасқыны мен лай көшкіні қаупі барын ескертеді.

Ал Германия мен Австралияда құйын соғып, бірнеше елді мекен жарықсыз қалды. Бельгия тұрғындары жазда болған су тасқынынан кейін кейібір өңірлер әлі күнге дейін сусыз отырғанын айтады. Ал Испанияның Пальма аралында жанартаудың атқылауы басылмай тұр.

Германияның солтүстігіндегі Киль қаласында құйын соғып, шағын кемеде болған адамдар суға құлаған. Салдарынан 6 адам зардап шекті. Дәрігерлер үшеуінің жарақатын ауыр деп бағалап отыр. Мамандар демалыс күндері өңірде қатты жаңбыр жауып, жел соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Австралияның оңтүстік-шығысында да қатты құйын жүрді. Опат болғандар жоқ. Бірақ бірнеше адамның жарақат алғаны белгілі. Ұйытқыған жел үйлердің шатырын, қоршаулар мен тоқ бағандарын қиратып кеткен. Жұлқына соққан құйыннан өңірдегі 3 елді мекенде электр сымдары үзіліп, тұрғындар жарықсыз қалды. Мамандар күшті желдің қайта соғу қаупі барын ескертіп отыр.

***

Токиоға «Миндулле» дауылы таяп қалды

Ал, Жапония астанасына «Миндулле» дауылы жақындап келеді. Соның салдарынан кей өңірлерде күшті жел соғып, жауын селдетті. «Миндулле» бүгін Жапонияның оңтүстік-шығысындағы Идзу аралына жетуі тиіс. Ауа райын болжаушылар дауыл жаңбырға ұласып, елдің кей аймақтарын су басуы мүмкін екенін ескертеді. 7 мың тұрғын эвакуацияға дайындалып жатыр. Кемелердің қатынасы уақытша тоқтатылды. Әуе компаниялар жүзден аса рейсті кейінге шегерді.

***

Чилиде орман өрті өршіп тұр

Ал, Чилиде орман өрті құтқарушыларға дес бермей тұр. Ел астанасы Сантьяго қаласының маңындағы Тильтиль коммуннасында төтенше жағдай жарияланды. Онда қызыл жалын 100 гектар орманды алқапты тып-типыл еткен. 12 баспана күлге айналды. Апатты деп танылған аймақтан тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Олар уақытша баспаналарға көшірілді. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін жүздеген өрт сөндіруші мен ондаған тікұшақ жұмылдырылды. Жарақат алғандар мен мерт болғандар жайлы ақпарат жоқ.

Луис Валенсуэла, Тильтиль мэрі:

- Қаламыздың жан-жағы ну орман. Сондықтан кез келген уақытта өрт басталу қаупі бар екенін жақсы білеміз. Оған қоса, 15 жылдан бері аймақта қуаңшылық жайлады. Салдарынан көптеген ағаштар қурап қалған.

***

Бельгияда тасқын салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр

Ал Бельгияда жазда болған алапат су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Табиғат апаты 50-ге жуық адамның өмірін жалмаған еді. Ол кезде тасқын жүздеген ғимаратты қиратып, тұрғындарда су және электр энергиясымен қамту мәселесіне қатысты қиындықтар туындаған. Кейбір өңірде бұл мәселелер әлі шешілмегенге ұқсайды.

Блиц 1:

- Су тасқынынан жапа шеккендерге төленетін өтемақыға қатысты сұрақтар көп. Бізде сақтандыру компаниялары оның сомасын азайтып тастай ма деген күдік бар.

Блиц 2:

- Су әлі күнге дейін ішуге жарамсыз. Кейбір жерде электр энергиясы берілсе, енді бір аудандарда жарық жоқ. Қыс болса таяп келеді.

Блиц 3:

- Көріп тұрғандарыңыздай, инфрақұрылым қатты зардап шекті. Ғимараттар, көпірлер мен кәріз жүйесі зақымданған. Жұмыс көп. Мұның бәрін қалпына келтіру үшін жылдар керек.

***

Пальма аралында жанартаудың атқылауынан арал ауданы үлкейді

Ал Испанияның Пальма аралында жанартаудың атқылауы әлі басылған жоқ. Ыстық лава мұхитқа жетіп, улы газ бөліне бастаған. Тұрғындар тыныс алуы қиындағанын айтып шағымданып жатыр. 6 мыңнан аса адам эвакуацияланған. Тұрғындарға мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес берілді. Бір айта кетерлігі, жанартаудың атқылауы салдарынан Пальма аралының ауданы артқан. Өйткені мұхитқа аққан ыстық лава суық сумен қосылып, қатып қалса керек. Соның есебінен жер серіктерінен түсірілген суреттерден арал ауданының үлкейгенін байқауға болады.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева