Грузияда үй қымбаттап кетті

Грузияда тұрғын үй бағасы шарықтап кетті. Бұл жылжымайтын мүлікке сұраныстың артуымен байланысты. Әсіресе шетелдіктер жиі сатып алатын болған.

Грузияда демалысын өткізетін шетелдіктер бұл елге инвестиция салуда да белсенді. Туризм саласы дамыған қалаларда көп зәулім үй салынып жатыр. Бірақ сұраныс жоғары болғандықтан бағасы да қымбат. Мұндағы жылжымайтын мүліктің 30 процентін шетелдіктер сатып алады екен. Осындай мәліметті Грузия құрылысшылар қауымдастығының өкілі келтіріп отыр. Жалпы бір жылда жаңа пәтерлердің бағасы 13%-ке өскен. Мәселен, қазір Тбилисидегі бір шаршы метрдің бағасы 800 мен 1000 доллар аралығында. Дегенмен, бұл Еуропа мен көрші елдермен салыстырғанда арзан баға.

Бесо Ортоидзе, Грузия құрылысшылар қауымдастығының өкілі:

- Негізінен құрылыс материалдары қымбаттады. Жыл басынан бері шамамен 35%-ке. Бұл жылжымайтын мүлік бағасы өсуінің бірінші себебі. Екінші себебі мемлекет тарапынан қабылданған құрылыс саласын реттеу шаралары. Стандарттарды арттыруға арналған 2-3 жаңа ереже енгізілді. Ол әлі құрылысы басталмаған жаңа үйлерге қатысты. Пандемияға байланысты дағдарыс аяқталмағанына қарамастан бағасы қымбаттады және алдағы уақытта да өсе береді.  

Құрылысшылар жалақысының 23%-ке артуы да үйлердің қымбаттауына әсер етті. Пандемия кезінде тұтынушылық сұраныс сәл төмендеді. Бірақ тамыз айында сауда қайта жанданып, 2019 жылғы көрсеткіштен асып кетті. Алайда жергілікті тұрғындар үшін бұл тиімсіз. Өйткені соңғы жылдары жалақы өспеген әрі 14 процентке берілетін ипотека үстемесі де тым қымбат.

Бесо Ортоидзе, Грузия құрылысшылар қауымдастығының өкілі:

- Пандемияға дейін туристік аймақтарда сұраныс жоғары болған. Қазір сәл төмендеді, өйткені індет ең алдымен туризм саласына кері әсерін тигізді. Тбилисиде шетелдіктер жылжымайтын мүліктің 2-3%-ін сатып алатын. Ал  Батуми мен Гудаури секілді туристік өңірлерде үлесі едәуір көп. 

Қай елдің тұрғындары және қандай мөлшерде пәтер сатып алатыны жөнінде нақты статистика жоқ. Алайда құрылыс компанияларының өкілдерінің айтуынша, теңіз жағасындағы шипажайларда Түркия азаматтары ең көп үй сатып алады екен. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей мен Балтия елдерінің де тұрғындары белсенді. Инвесторлар туризм қалпына келгенде жылжымайтын мүлігінен жақсы пайда табуға дәмелі.

Юлия Тужилкина