Грузияда муниципалды сайлау өтіп жатыр

Бүгін Грузия елінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау өтіп жатыр. Бұл жолғы науқанның жөні бөлек, жосығы ерек. Себебі дәл осы сайлау басқарушы партия үшін де, оппозицияға да шешуші кезең болуы мүмкін. 

Грузияда бүгін сайлау күні. Халық 64 қала мен ауданның мэрі мен депутаттарын таңдап жатыр. Басты бәсеке Тбилисиде байқалып отыр. Мұнда шаһар басшысы қызметіне 16 үміткер таласып жатыр. Жалпы, осы сайлауда елді алаңдатып отырған негізгі мәселе «Грузин арманы» партиясымен байланысты. Егер ол сайлаушылардың 43 процент дауысын жинай алмай қалса, Грузияда Шарль Мишель келісіміне сәйкес, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі тиіс. Бір қызығы, басқарушы партия аталған келісімнен 3 ай бұрын шығып кеткеніне қарамастан, оппозиция өкілдері әлі күнге дейін оны референдум деп атап келеді.

Зураб Соселия, Тбилиси қаласының тұрғыны:

– Бұл сайлау елімізге өзгеріс әкеледі деп үміттенемін. Сол үшін де дауыс бердім.

Грузия тағдыры шешілер тұста елге бұрынғы президент Михаил Саакашвили оралып, саяси тартыс одан сайын қыза түсті. Шекарадан заңсыз өтіп, қамауға алынғанына қарамастан, саясаткер өзін саяси тұтқын атап, түрмеден өз жақтастарына үндеу жолдады. Тіпті жексенбі күні шеруге шығуға шақырды. 

Мариета Акопова, Тбилиси қаласының тұрғыны:

– Ол әлі де елдің есінде. Жасаған жақсылығын халық ұмытқан жоқ. Иә, оның реформатор екені сөзсіз. Бірақ кемшіл тұстары да жоқ емес. Сондықтан Саакашвилиге қарсы азаматтар бар. Олардың саны халықтың шамамен 70 проценті шығар. Ал қалғаны отызы оны қолдайды.

Түскі 12-де сайлауға келушілер шамамен 18 процентті құрады. Бұл 2017 жылғы сайлаудан сәл ғана көп. Өңірлер арасында сайлауда белсенділік танытқан аймақтар арасында Рача-Лечхуми көш бастап тұр. 27 процент. Ал ең төменгі көрсеткіш – ел астанасында. Небәрі 16 пайыз ғана.

Айта кетейік, сайлау учаскелері бүгін кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді. Осыдан кейін сайлау қорытындылары жариялана бастайды.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили