Дубайдағы EXPO көрмесі қалай өтіп жатыр?

Енді Дубайдағы EXPO-ға саяхат жасап қайтайық.

Дүниежүзілік көрме келешектің қаласын еске салады. Мұндағы айрықша архитектура, сәулет туындылары алыстан менмұндалап тұр.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Шаһар ішіндегі шаһар. Дубайдағы EXPO алаңын осылай атауға болады. Мұнда жаңа метро бекеті, кең көшелер мен мейрамхана-дәмханалар шоғырланған. Полиция бекеті де жұмыс істеп тұр. Енді бұл қалада жарты жыл бойы әлем халқы мекендейтін болады.

Мүмкіндіктер, жылдамдық және тұрақты даму. Көрме аумағы осындай үш секторға бөлінген. Ал павильондар EXPO-да ұсынған идеясына қарай орналастырылыпты. Олардың әрқайсысы ерекше көз тартады. Әсіресе, Австрия павильоны таңғалдырды. Түрлі биіктіктегі конустар табиғи құм мен балшықтан жасалған екен.

Блиц:

- Мұнда отбасыммен келдім. Біз бақыттымыз. Өзіміз Үндістанда тұрамыз. Австрия, Жаңа Зеландияның павильонына кіріп шықтық. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мұндағы атмосфера бізді тәнті етті. Бәріне уақытты тамаша өткізуге тілектеспіз!

Біріккен Араб Әмірліктерінің павильоны 15 мың шаршы метрді қамтып отыр. Алыстан қарағанда оны сұңқардың қанатына ұқсатуға болады. Өйткені арабтар үшін бұл құс тектілік пен ерліктің символы. EXPO-ның биылғы Отаны үшін өз тарихын әлемге паш етудің мүмкіндігі зор. Павильон да осыны аңғартады. Кіреберісте оазиске ұқсас бақ тұр. Нысанның дәл ортасындағы шөл елдің бастауын көрсетсе керек.

Карина Құрақбаева, туроператор (Қазақстан):

- Маған Швейцария павильоны қатты ұнады. Мына ыстықта олардың салқын лепті ойластыруы, отандық шоколадтарын ұсынуы халыққа жасалған ықылас деп түсіндім. Қазақстанның павильоны өзіме ыстық көрінді.

Дубайдағы ауқымды шара жарты жыл бойы ел аузында болады. Жоқ, көптен күткен ұлы тойды көпшілік ұмыта қоймас. Өйткені көрмеден келешекті көруге болады. Біздің ертеңіміз осындай болмақ.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Камилла Тастанбекова, Нұрғали Мамырбаева

Сондай-ақ...