426,32 492.05 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлемнің бірқатар елінде үкіметке қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр

  • 102
  • UPD: 14:51, 03.10.2021

Кешелі бері әлемнің бірқатар елінде үкіметке қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаппай шерулер бір-біріне алыс құрлықтарда ұйымдастырылғанына қарамастан, олардың талабы мен сипаты бір. Ел наразылығын күшейткен мәселелер жайлы келесі сюжетте.

АҚШ-та жасанды түсік жасатуға тыйым салуды көздейтін заңға қарсы жаппай шеру өтті. Бүкіл ел бойынша мыңдаған адам көшеге шығып, жаппай наразылық білдірді.

Жалпы даудың басы неден шықты? Оған, әрине, Техастағы түсік жасатуға тыйым салатын заңның күшіне енуі түрткі болды. Яғни жаңа заңға сәйкес, жүктіліктің алтыншы аптасынан кейін абортқа мүлдем рұқсат жоқ. Тіпті зорлау фактісінен бала көтеріп қалған жағдайда да. «Бұл бірінші кезекте әйелдердің құқығын шектейді», - дейді шерушілер

Санди Уест, шеруге қатысушы:

- Сенген билігіміз бізді сатып кетті. Бұған қалай ғана дәті барды екен? Жаңа заңға байланысты ешқандай талқы да, сайлау да болған жоқ.

Америкалық әйелдердің жанайқайы мұхиттың бергі бетіндегі елдерге де жетті. АҚШ аруларын қолдап, британ бұрымдылары да көшеге шықты. Америка елшілігі алдына жиналған олар қолдарына плакат ұстап, «біз Техас әйелдерімен біргеміз» деп ұрандатумен болды.

Ал Милан қаласындағы наразылық климаттың өзгеруімен байланысты болды. Италияның барлық өңірінен жиналған азаматтар саясаткерлерді тезірек қазбалы отыннан толығымен бас тартуға шақырды.

Лиа Саглящи, шеруші:

- Жер бетіндегі климат өзгеріп барады. Сол себепті осында келіп тұрмын. Әрбір азамат бұл мәселенің алдын алу үшін үлес қосуы қажет. Бірақ соның өзі жеткіліксіз. Сондықтан билік те нақты әрекетке көшуі керек.

Ал Рио-де-Жанейрода ел президентінің жұмысына көңілі толмаған жұрт бас көтерді. Шерушілердің талабы бір – Жаир Болсонаруға импичмент жариялау. Қазір бұл елдегі қайшылықты проблема тек президент қызметі ғана емес. Барлық тауардың қымбаттауы, кедейшіліктің артуы мен үкіметтің коронавируспен тиімсіз күресі де ел наразылығын күшейткен.

Ал Чили астанасы Сантьягода иммиграцияға қарсы наразылық білдірген топтың шеруі тәртіпсіздікпен аяқталды. Демонстранттарды тарату үшін полиция өкілдеріне тіпті суатқыштар қолдануға тура келген. Өткен аптада да мыңдаған чилилік миграцияға қарсылық танытып, елдің солтүстігіндегі венесуэлалық босқындардың дүниелерін өртеп жіберген болатын.

Айта кетейік, Чили аймақтағы ең дәулетті мемлекеттің бірі болғандықтан, бұл елге келіп жатқан мигранттар өте көп. Ал бұған өз кезегінде жергілікті халық түбегейлі қарсы.

Хабар 24 телеарнасы