Пхеньян мен Сеул шұғыл байланыс желісін қалпына келтірді

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея екі ел арасындағы барлық шұғыл байланыс желісін қалпына келтірді. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның біріктіру министрлігі хабарлады.

Ақпарға қарағанда тараптар кей әскери желі бойынша бір-біріне қоңырау шалып, хабарласқан.

Айта кетейік, қос Корея басшылығы мен әскерилері арасындағы байланыс былтыр жаз айында үзілген. Оған оңтүстік кореялық белсенділердің көрші мемлекет аумағына әуе шарлары арқылы үгіт-насихат парақшаларын ұшыруы себеп болған еді. Осыдан кейін Пхеньян Сеулмен барлық байланысты тоқтататынын мәлімдеп, тараптар мәселені тек биыл шілде айында шешуге келіскен болатын.