Испанияның Пальма аралы апатты аймақ деп танылды

Ал, Испанияның Пальма аралы апатты аймақ деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы жанартаудың белсенділігі қайта күшейіп барады. От пен күл 6 мың метр биіктікке көтерілуде. Ғалымдардың айтуынша, күні бүгінге дейін жанартаудан 80 млн текше лава аққан. Бұл 1971 жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Аралда шамамен 85 мың адам өмір сүреді. Оның 6 мыңға жуығы эвакуацияланды. Қазір әуе компанияларға Канар аралдарының үстімен ұшуға тыйым салынды.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Келесі аптада министрлер кабинеті аралды қалпына келтіруге арналған заң жобасын қарастыратын болады. Аймақтағы туризм саласы мен ауылшаруашылық секторын дамытуға шамамен 200 млн еуро бөлінбек. Жанартаудың белсенділігі күн өткен сайын артып барады. Апаттың зардабы тек аралға ғана тимей, жергілікті жұрттың денсаулығына да нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан халықты барынша сақ болуға шақырамын.

***

Әлемде табиғат апаттары жиілеп кетті

Табиғат тағы да тарпаң мінез танытып жатыр. Қытай мен Таиландты су басып, тұрғындардан маза кетті. Дүлей дауыл Оман мен Иран халқын әбігерге салды. Ал әйгілі Канар және Гавайи аралдарында жанартау оянып, ауаны ластап жатыр.

Әлемде ең белсенді жанартаулардың бірі атанған «Килауэа» жанартауы Гавайи аралдарында әлі де атқылап жатыр. Жанартау қыркүйектің 29-ы оянған. Жергілікті билік аймақта қауіптіліктің деңгейін арттырып, авиациялық түсті «сарғылтқа» ауыстырды. Бұл ұшқыштарды кез келген уақытта ыстық күлдің атқылау қаупі бар екенін ескертеді. Қазір жанартаудан жер ойылып, көкке лава атқылап жатыр. Абырой болғанда, жақын маңда халық тұрмайды. Десе де, мамандар «ауаға улы газдың бөлінуі арал тұрғындарының тыныс алуын қиындатады», дейді.

***

Таиланд тұрғындарын су тасқыны тропикалық дауыл әбігерге салды

Ал, Таиланд тұрғындарын су тасқыны мен Дяньму тропикалық дауылы әбігерге салды. Табиғат апатынан 8 адам мерт болып, тағы бір тұрғын із-түзсіз жоғалған. Аймақта бірнеше күн бұрын басталған нөсер әлі де басылар емес. Салдарынан өзендер арнасынан тасып кетті. Бірнеше шаһар топан су астында қалды. Халық қайықпен жүзуге мәжбүр. Жергілікті билік 32 провинцияда 271 мың жанұя зардап шеккенін хабарлайды. 

Жергілікті тұрғын:

- Жағдайымыз өте қиын. Ауыз суға зәруміз. Әрине, сабыр сақтап сәл күтуге тура келеді. Бірақ шыдамымыз таусылған сияқты. Бәріміз су тез кетсе екен деп тілеп отырмыз.

***

Иран мен Оман аумағында тропикалық циклон ойран салды.

Ал, Иран мен Оман аумағында «Шахин» атты тропикалық циклон ойран салды. Долы дауылдан 9 адам мерт болған. Оның алтауы Иран, үшеуі Оман тұрғыны. Мерт болғандардың арасында бала да бар. Мамандар желдің екпіні сағатына 150 шақырымға дейін жеткенін айтады. Жағажай маңында мыңдаған адам эвакуацияланды. Ал, Эль-Айна қаласының тұрғындары қашықтан жұмыс істеуге көшті.

Алиреза Шахраки, Апат салдарын жою бюросының басшысы:

- Жоғалған 5 балықшының біреуі табылды. Қалған 4 адамның денесі әлі де іздестіріліп жатыр. Ауа райының қолайсыздығы іздестіру жұмыстарына кедергі жасап тұр.

Су тасқыны Қытайдың солтүстік-шығысындағы Ляонин провинциясында да жүрді. Қауіпті өңірлерден 4 мыңнан астам адам өзге жерге көшірілді. Көшелерде аққан су көліктерді ағызып, ойпаң жерде орналасқан аудандар қатты зардап шеккен. Табиғат апатынан жапа шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпар жоқ.

Сондай-ақ...