Аргентинада 10 адамның төртеуі кедейлікте өмір сүріп жатыр

Аргентинада әр он тұрғынның төртеуі кедейлікте өмір сүріп жатыр. Ал әр оныншы тұрғынның басында баспанасы жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел экономикасының тұралауына бірнеше жылға жалғасқан дағдарыс себеп болып отыр. Оның үстіне коронавирустық шектеулер де жығылғанға жұдырық болып, аргентиналықтардың қалтасын жұқартқан. Былтыр мемлекет өз тарихында тоғызыншы рет дефолт жариялаған. Өйткені сыртқы қарызын уақытылы төлей алмаған.

Айта кетейік, Аргентина халқының жартысына жуығы, яғни, 20 миллионға жетеғабыл адамның шығыны табысынан әлдеқайда көп.

Эдуардо Родригес, жергілікті тұрғын:

- Жұмыс жоқ. Сондықтан мен көкөніс сататын базарға келемін. Мұнда аптасына екі күн ғана жұмыс істей аламын. Табысым айына 12 мың песо. Бұл шамамен 60 доллар. Отбасымызда 5 адам бар. Табатын ақшам тамаққа жетпейді. Сондықтан базарда жұмыс істейтін адамдар маған пияз бен картопты тегін беріп, қолдан келгенше көмектеседі.