Грузияда мыңдаған шеруші Михаил Саакашвилиді түрмеден босатуды талап етті

Грузияда мыңдаған белсенді Михаил Саакашвилиді түрмеден босатуды талап етті. Қамауға алынған экс-президенттің өзі абақтыдан жақ-тастарына үкіметке қарсы белсенді түрде әрекет етуге шақырып, аштық жариялады. Еске сала кетейік, Саакашвили қазанның 1-інде Грузияға бара салысымен ұсталған. Бұған дейін іздеу жарияланған, бұрынғы мемлекет басшысына бірнеше бап бойынша айып тағылған. Оның ішінде қызметін асыра пайдалану бар.

Рустави қаласындағы түрмеге қамалған Михаил Саакашвилиді қолдап, грузиялықтар наразылық шеруіне шықты. Экс-президент 4 күн бойы темір тордың ар жағында жатыр. 2015 жылы оны ел азаматтығынан айырып, сырттай қылмыстық жазаға тартылғанын айтып кету керек. Енді міне 8 жылдан кейін Саакашвили Грузияға оралды.

Нино Цискаришвили, шеруге қатысушы:

- Біз мұнда экс-президентті қолдау үшін жиналдық. Ол  өзінің уәдесінде тұрып елге оралды. Саясаткер ешқандай қиындыққа мойымай күресіп жатқаны қуантады.

Саакашвили өзін саяси тұтқынмын деп санайды. Сол себепті аштық жариялап, өзін және мемлекеттік шекарадан өтуге көмектескен жақтастарын босатуды талап етіп отыр. Экс-президентті қолдап келгендердің қарасы қалың. Саясаткер қамалған түрменің маңына жиналғандар Украина, Әзербайжан, Еуроодақ туларын ұстап келген.

Пикрия Чахнашвили, шеруге қатысушы:

- Біз биліктен Саакашвилиді тез арада босатуды талап етеміз. Ол саяси тұтқын. Оның еш кінәсі жоқ. Қайта ол Грузияның дамуына барын салған адам.

Ал Грузия билігі Саакашвилиді қолдап келгендермен келіспейді. Үкімет басшысы Ираклий Гарибашвили «экс-президент елдің соғысуына, артынша территорияны жоғалтуына себепкер болды» дейді. 

Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:

- Саакашвили жасаған барлық қылмысы бойынаш заң алдында жауап береді. Қазір ол 6 жылға сотталды. Сол себепті халықтың наразылығына қарамастан, үкімет оны босатпайды. Енді Саакашвили Украинаға қайтқысы келетінін айтып отыр. Олай болса, ол Грузияға не үшін оралды? 

Саакашвилиге азаматтық берген Украина болса, саясаткерді қайтаруға бар күшін салып отыр. Бірақ ресми Тбилиси экс-президент жазасын отанында өтейді деп жариялады.

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили