Әлемде қымбатшылық пен жоқшылық белең алды

Бразилия тұрғындары да азық-түлікке зәру. Францияда пандемиядан жұмыссыз қалған жастар екі қолға бір күрек таппай жүр. Боливияда екі апта бұрын басталған наразылық акциясы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Ал Калифорния жағалауында құс пен теңіз тіршілігі қырылып жатыр. Қазір мамандар аймақты мұнайдан тазартып әлек.   

Қымбатшылық пен жоқшылық Бразилияда белең алды. Ауызсу мен жарықсыз отырған елді мекендердегі ахуал күн өткен сайын ушығып барады. Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды сатып алу үшін тұрғындар темір өткізіп тиын табады. Аймақта тамақ пен жанармай бағасы шарықтап барады. Әлеуметтік көмектің қысқаруынан бразилиялықтардың 60 проценті ашқұрсақ жүр.

ФРАНЦИЯДА ЖАСТАРДЫҢ КҮН КӨРІСІ ҚИЫНДАДЫ

Ал Францияда коронавирус пандемиясынан зардап шеккен студенттер қаржылық қиыншылықтарға тап болды. Қымбатшылық пен жұмыссыздыққа тап болған жастардың күн көрісі қиындады. Көбі жалдамалы пәтер ақысын төлей алмай жүр. Студенттер азық-түлікпен көмек көрсететін орталықтарда ұзын сонар кезекте сағаттап күтіп тұр. 

6 САҒАТТА 6 МЛРД ДОЛЛАР ШЫҒЫНҒА БАТТЫ

Facebook, Instagram және WhatsApp желілеріндегі 6 сағатқа созылған техникалық ақаудан кейін әлемде 3,5 млрд адам байланыссыз қалған. Facebook  компаниясының басшысы қолданушылардың жеке бас мәліметтері қауіпсіз сақталғанын айтып қалың бұқараны сабырға шақырды. Десе де, кей ақпарат көздері хакерлік сайттарда бұл мәліметтер сатылымға шыққанын хабарлайды. Facebook-тегі ақаудан кейін америкалық алпауыт IT-компаниялардың акциялары құлдырады. Мәселен, Forbes-тың мәліметіне сәйкес Марк Цукерберг бірнеше сағаттың ішінде 6 млрд доллар шығынға батқан.

ФЕРМЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҰЛАСТЫ   

Боливияда кока өсімдігін өсіретін фермерлердің ереуілі басылар емес. Ла-Пас қаласындағы наразылық тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Ашуға бой алдырғандарды тарату үшін әскерилер көз жасаурататын газ қолданған. Наразылар биліктен кока өсімдігін еш кедергісіз нарыққа шығаруды талап етіп отыр. Қазір Боливияда есірткінің бұл түрін өсіретін 100 мыңан астам ферма бар. Шаруалар заң бойынша өнімін бірнеше орталықта ғана саудалай алады.

 

МҰХИТТА ҚҰС ПЕН БАЛЫҚ ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Калифорния жағалауындағы экологиялық апаттан аймақта құс пен балық қырылып жатыр. Тынық мұхитқа төгілген 572 мың литр қара алтын шамамен 33 шаршы шақырым аумаққа жайылған. Мамандар халық демалатын бірнеше жағажайды жауып тастады. Өңірде тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар апат салдарын жою үшін қазынадан қаржы бөлуді талап етеді. Апаттың себебін анықтау үшін тергеу ісі басталды. Мамандар алып кеме су астындағы мұнай құбырын соғып өтуі мүмкін деген болжам айтады. 

Ребекка Орр, жағажай күзетінің басшысы:

– Жағажайдағы ахуал көңіл көншітпейді. Кешеден бері мұхитты тазартып жатырмыз. Төгілген мұнай жағажайдағы құмға тез тарап барады. Желдің бағыты мен судың ағынына байланысты ластану оңтүстікке қарай бағыт алды. Апаттың шығыны әлі есептеліп жатыр.

 

Сондай-ақ...