Еуроодақ энергия бағасының қымбаттауына алаңдап отыр

Еуроодақ энергия бағасының қымбаттауына алаңдап отыр

Еуропа биржаларындағы сауда-саттық кезінде бір мың текше метр газдың бағасы 1 мың 300 долларға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл рекордтық көрсеткіш. Бұрын соңды мұндай баға болмаған. Қазір Италия мен Грекия сияқты елдерде жарық пен газ 40 процентке қымбаттайды деген нақты болжам бар. Сондай-ақ биыл көптеген еуропалық үшін электр энергиясы мен көгілдір отынның құны 400-500 еуроға дейін көтерілуі мүмкін.

Газ бен электр энергиясының қымбаттауын сарапшылар былай түсіндіреді. Соңғы жылдары Еуропа елдері қоршаған ортаны қорғау үшін атом және көмір электр станцияларын жаппай жаба бастаған. Брюссель Еуроодақ елдерінің алдына 2050 жылға дейін зиянды электр көздерінен толық құтылу керек деген міндет қойды.

Надя Кальвино, Испания қаржы министрі:

– Электр энергиясының бағасы рекордты деңгейде көтеріліп отыр. Мұны біз ұлттық деңгейде шеше алмаймыз. Мәселені Еуропа деңгейінде қарастыруымыз керек. Біз бірқатар ұсыныс жасадық, енді ЕуроОдақтың өзге елдері пікірін айтсын. Шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Бруно Ле Мер, Франция қаржы министрі:

– Қымбатшылық бірнеше айға ғана емес, бірнеше жылға созылады. Себебі электр энергиясына сұраныс өте жоғары, электр мен газ бағасы өзара өте тығыз байланысты. Бізде көмірқышқыл газын аз бөлетін атом электр станциялары бар. Климат өзгерісімен күресте табысты болғымыз келсе, жаңартылатын энергия көздері мен атом электр станцияларына көптеп инвестиция салуымыз керек.

Еурокомиссия бағаның күрт өсуіне Азия елдерінің тарапынан газға деген сұраныстың жоғары болуы және ұсыныстың жеткіліксіздігі басты себеп деп есептейді. Оның үстіне пандемиядан кейінгі кезеңде энергияға қажеттілік күрт артқан. Осыған байланысты Еуропадағы электр энергиясы 20 процентке қымбаттады.

Паоло Джентилони, энергетика бойынша еурокомиссар:

– Еурокомиссия энергетика дағдарысын реттеу үшін тақауда іс-шаралар жоспарын ұсынады. Бұл шаралар уақытша мерзімге қабылданып, бірыңғай нарықтың нормаларын, сондай-ақ мемлекеттік көмек беру ережелерін сақтауға тиіс.

Паскаль Донохью, Еуротоп төрағасы:

– Бүгінгі пікірталас энергия бағасының көтерілуінің әлеуметтік салдарымен бірлесе күресуге деген ортақ ниеттің барын көрсетті. Біз энергия бағасын қадағалауға келістік. Індеттен кейінгі қалпына келу еш кедергісіз іске асуы тиіс.

Люксембургтағы Еуроаймақ елдері Қаржы министрлерінің соңғы отырысында энергетика нарығын реттеу бойынша әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ. Бұл мәселелер қазанның 21-22-сінде Брюссельде өтетін Еуроодақ саммитінде қайта талқыланбақ.

Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст