426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлемдік туризм саласы 1 трлн доллардан аса кірісінен айырылған

  • 120
  • UPD: 14:32, 06.10.2021
Әлемдік туризм саласы 1 трлн доллардан аса кірісінен айырылған

Францияда пандемия басталғалы алғаш рет туризмге арналған көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттен қатты зардап шеккен саланың енді оңала бастағанын білдіргендей. Себебі былтыр әлемдік туризм саласы 1 трилион доллардан аса кірісінен айырылып, ауыр кезеңді бастан кешкен.

Коронавирус індеті Францияның да туризм индустриясын тұралатып тастады. Пандемияға дейін елдің ішкі жалпы өнімінің 7 процентін құрап келген сала үлкен шығынға батты. Қазірге дейін көптеген мемлекеттің туристері үшін шекара әлі жабық. Сондықтан болса керек соңғы 2 жылда алғаш рет өткізіліп отырған көрмеде ойын-сауық пен әсем безендірулер аз.

Жан-Батист Лемуан, Франция сыртқы істер министрлігі жанындағы туризм жөніндегі мемлекеттік хатшы:

– Біздің елдердегі індетке қарсы шаралар вирусқа тосқауыл қойып, бұрынғы байланысымыз тездетіп қалпына келеді деп үміттенемін. Қазақстан мен Францияның стратегиялық серіктестігі мығым. Бірақ шетелдік туристерді қабылдаудың қашан толық қалпына келетіні жайлы айту қиын. Мәселе көп ұзамай шешіледі деп ойлаймын.

Ал Францияға саяхаттағысы келетін отандастарымызға біраз төзімділік танытуға тура келеді. Бұл елге вакцинасыз кіруге болатын мемлекеттер тізімі әр 2 апта сайын қарастырылады. Француздар болса біздің елге өзге еуропалықтар сияқты еш кедергісіз саяхаттай алады. Қазір елде Азияға барғысы келетіндердің қарасы көбейген.

Мишель Тиссье, «Asia» компаниясының сату бойынша директоры:

– Біз Азияға саяхаттағысы келетін азаматтардан біраз шыдамдылық танытуды сұраймыз. Қазір бірқатар мемлекет шекарасын ашып, шетелдіктерді қабылдай бастады. Иордания, Израиль, Орталық Азия мен Моңғолияға туристер еш кедергісіз бара алады. Бұл бағыттардың бәріне кепілдік береміз. Бірақ Азиядағы ірі бағыттардың ашылуын әлі күте тұруға тура келеді.

Соңғы онжылдықта әлемде туризм қарқынды дамып, шетелге саяхат шегушілер артқан еді. Бірақ былтыр індеттен жаһандық туризм кірісі 74 процентке төмендеді. Сарапшылар саланың қалпына келуі ұзаққа созылатынын айтады. Дүнииежүзілік туризм ұйымының мәліметінше, бұл сала алдымен Таяу Шығыс пен Африкада жанданып, Америка, Еуропа және Азия бағыттары тек 2024 жылы қалпына келуі мүмкін.

Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы