Нәрестелер ағзасындағы микропластик ересектерге қарағанда едәуір көп болып шықты

Пластик қоршаған орта үшін ғана емес, балаларға да қауіпті. Нәрестелердің ағзасындағы микропластик ересектерге қарағанда әлдеқайда көп болып шықты. Зерттеу жүргізген америкалық ғалымдар осылай деп дабыл қақты. Бұл зат теңіз жануарлары ағзасынан да көптеп табылады. Сондықтан бірқатар мемлекет пластиктен біртіндеп бас тарту жобаларын қолға алып жатыр.

Ересектермен салыстырғанда сәбилердің ағзасында микропластик 14 есе көп болып шықты. Микропластик – бұл өлшемі 5 миллиметрге де жетпейтін шағын полимер. Ол түрлі тұрмыстық заттардың өндірісінде қолданылады. Бұл мәселен, косметика, тазалау құралдары, кір жуатын ұнтақ болуы мүмкін. Ғалымдар бүлдіршіндер ойыншықтарды тістегенде, емізікті сорғанда немесе синтетикалық кілем үстімен еңбектегенде ағзасында микропластик пайда болуы мүмкін екенін айтады. Ол сүт ішетін бөтелкелерді жылытқанда да бөлінуі де ықтимал. Ғалымдар әлі күнге дейін бұл заттың адам денсаулығына қалай әсер ететінін нақты айта алмайды. Құрамындағы шағын бөлшектер сәбидің қан айналымына түсіп, жасушалардың өлуіне әкеп соқтыруы мүмкін деген күдік бар.     

Жерорта теңізінде 3,7 мың тонна пластик бар 

Жалпы тұрмыста қолданылатын пластиктің көп бөлігі судан табылатыны белгілі. Кейін оның қалдықтары теңіз жануарларының ағзасынан анықталады. Өйткені олар пластик қалдықтарын тамақ деп ойлап жеп қоюы мүмкін. Сөйтіп, кейбіреуі өліп кетіп жатады. Ғалымдар бір ғана Жерорта теңізінде қазір 3 жарым мың тоннадан астам пластик барын айтады. Мұхиттарды осындай қалдықтармен ең көп ластайтын елдер арасында  Қытай бірінші орында тұр.

Екінші орында Индонезия. Сондықтан табиғат жанашырлары бұл проблемаға жергілікті тұрғындардың назарын аударуға тырысып жатыр. Мәселен, жақында Индонезияда пластик мұражайы ашылған. Мұнда көпшіліктің назарына су түбі мен жағажайдан табылған шөлмектер, пакеттер мен жөргек секілді заттар қойылған.

БЛИЦ

- Мұндай мұражайдың болғаны жақсы. Судан қаншама қоқыстың табылғанын көріп, ойыңды өзгертесің. Мына қалдықтардың бәріне қарап, көңілім түсіп кетті.

- Мен енді дүкенге не базарға барғанда, полиэтилен пакетті қолданбаймын. Сатып алған заттарды салу үшін өзіммен бірге үлкен сөмке алып жүремін.

Еуропа елдері пластиктен бас тартып жатыр

Еуропа елдері де пластик мәселесіне назар аударды. Мәселен, Испания 2023 жылдан бастап полиэтилен пакеттерді қолдануға тыйым салады. Ал Солтүстік Македонияда биыл 1 желтоқсаннан бастап пайдалануға рұқсат етілмейді. Дүкенде ондай пакеттердің бір данасы 120 теңгеден сатылады. Түскен ақша арнайы экологиялық қорға аударылып отырады. Ресейде пластик қаптама мен бір реттік қолдануға арналған тауарлардың өндірісіне 2024 жылы тыйым салынуы тиіс.