Түркияда инфляция деңгейі 20% жуықтады

Түркия билігі жоғары инфляция мен азық-түлік бағасының өсуіне қарсы жаңа әдіс ойлап тапты. Ел президентінің тапсырмасымен өлкеде мыңға жуық мемлекеттік дүкендер желісі ашылады. Бұл үрдіс пандемия салдарынан шарықтап кеткен инфляцияны тоқтата ма?

Түркияны қымбатшылық қыспаққа алды. Елдің статистика институтының мәліметінше, өткен айда инфляция деңгейі 19,58% болған. Бұл соңғы 29 айдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Қыркүйекте көмірдің бағасы 33,72%-ке көтерілді. Азық-түлік пен сусындар бағасы 28,79%-ке, Үй тауарлары мен қонақүйлердің бағасы да 23,27%-ке өсті.

Анкара тұрғыны:

- Барлық зат қымбаттады. Қолымызға ай сайын түсетін ақшамен өмір сүру қиындап барады. Кей заттардың бағасы екі есеге өскен. Себебін білмеймін. Бірақ бұл мәселені шешу қажет.

Ел билігі азық-түлік бағасын түсіру үшін мың мемлекеттік дүкен желісін ашпақ. Олар ауылшаруашылық несие кооперативтері құрамында жұмыс істейді. Мұндағы мақсат шаруа қожалығынан тікелей тұтынушыға тауарларды жеткізу және бәсекелестікті арттыру арқылы тауар бағасын төмендету.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Ауылшаруашылық несие кооперативтерінің дүкендері өнім ассортименті, сапасы мен бағасы бойынша өте қолжетімді. Біз қысқа мерзімде бүкіл Түркия бойынша 500 шаршы метр немесе одан да көп осындай мыңға жуық дүкеннің құрылысын бастамақпыз. Біз оларды тез көбейтеміз. Осылайша азаматтарымыздың арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге, сонымен қатар нарықты теңестіруге тырысамыз.

Қазір ел бойынша Ауылшаруашылық несие кооперативтерінің 300-ден астам дүкені бар. Оппозициялық партиялардың сөзінше, мың дүкенді ашу арқылы 84 миллион тұрғынның мәселесі шешілмейді. Ал билік басындағы әділет және даму партиясынан сайланған депутаттың айтуынша, мұны тек кірісті арттыру арқылы шешуге болады.

Шамил Тайар, депутат:

- Инфляция бағамен, өмір сүру құнымен тікелей байланысты. Табысыңыз неғұрлым көбейген сайын бағаның өсуі сізге аз әсер етеді. Қымбатшылықпен күрес маңызды. Кірісті көбейту одан да маңызды. Осы себепті, жаңа кезең саясатын осы негізде жүргізу қажет. 

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйекте Түркияның орталық банкі пайыздық мөлшерін 19-дан 18%-ке түсіруінен кейін елдің ұлттық валютасы долларға қарсы 1,2% құнсызданды. Бұл да импорттық тауарлар бағасын арттырған фактордың бірі болды. Ал Үкімет жыл соңына дейін елдегі экономикалық жағдай реттеледі деп отыр.

Сондай-ақ...