АҚШ-та оқушы сыныпта оқ атты

Сабақ үстінде сөзге келген оқушылардың бірі сыныптастары мен мұғалімге оқ атты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға АҚШ-тың Техас штатында болған. «Үш адам жарақат алған, біреуі ауыр халде ауруханада жатыр», – дейді жергілікті полиция департаментінің өкілі. Қылмыскердің не себепті қаруға жүгінгені туралы нақты ақпарат жоқ. Бұл елде кейінгі кезде осындай жағдайлар көбейіп тұр. Мәселен, Иллинойс штатында болған атыс кезінде жеті адам жарақат алса, Аризонадағы пойыздардың бірінде әлдекім тапаншадан оқ атып, бір адамның өмірін қиды. Былтыр 12 мен 17 жас аралығындағы 1100-ге жуық оқушы зардап шеккен.

Мектеп оқушысы:

– Мен әдеттегідей өзімнің сыныбымда отыр едім. Сабағымыз басталайын деп жатқанда көршілес сыныптан бірнеше рет атылған оқтың даусын естідім. Не істерімді білмей аң-таң болдым. Ойыма алғашқы келгені сол оқты атқан адам біздің сыныпқа кіріп келсе не істейміз. Мен қатты қорықтым.

Кевин Колби, Арлингтон полиция департаментінің өкілі:

– Күдікті қолға түсті және оның не себепті қаруға жүгінгені анықталып жатыр. Жарақат алғандардың ішінде аяғы ауыр мұғалім де болды. Бірақ оның жағдайы жақсы. Тергеу жұмыстары жалғасып, күдіктінің қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады.